МЕКТЕПТЕРДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Соңғы жылдары Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын жетілдіру мәселесі мемлекет саясатының басты басымдықтарының біріне айналды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үш жыл ішінде еліміз бойынша 1300-ге жуық мектеп реновациядан өтуі тиіс. Бұл бастама – білім беру сапасын арттыру, қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қалыптастыру бағытындағы стратегиялық қадам. Шымкент қаласы да бұл бастамадан тыс қалған жоқ.
Ағымдағы жылы қалада 9 мектепке күрделі жөндеу жүргізу, 1 білім нысанының жылыту жүйесін жаңарту және 1 балабақшаны қайта қалпына келтіру жоспарланған болатын. Бүгінде осы жоспарға сәйкес бірқатар әлеуметтік нысандарда жұмыстар толық орындалып, жаңа келбетке ие болғаны байқалады. Атап айтқанда, дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының бірнеше оқу ғимараттары, Ө. Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейі, Ақпан батыр атындағы №10 жалпы орта мектеп, Мукими атындағы №13 мектеп, Жамбыл атындағы №26 мектеп-гимназия, №75 мектеп-гимназия, №99 мектеп-гимназия, Хамза атындағы №108 және №109 мектеп ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, Ө. Жәнібеков атындағы №19 мектептің жылу жүйесі жаңартылып, №97 балабақша ғимараты жөндеуден өткізілді. Бұл нысандардың күрделі жөндеуден өтуі бірнеше маңызды нәтижеге жол ашады. Ең алдымен, ғимараттардың қауіпсіздігі күшейтілді. Қазіргі таңда мектептерде өрт қауіпсіздігі, сейсмикалық тұрақтылық және инженерлік жүйелердің сенімділігі ерекше назарда болуы тиіс. Жөндеуден кейінгі нысандар осы талаптарға сай болып отыр. Екіншіден, мектептердің сыртқы келбеті мен ішкі инфрақұрылымы жаңартылып, білім беру мекемелері оқушылар үшін тартымды ортаға айналды. Бұл балалардың мектепке деген қызығушылығын арттырып, оқу процесіне оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Үшіншіден, күрделі жөндеуден өткен мектептер заманауи талаптарға бейімделген. Кабинеттердің жарықтандырылуы, желдету жүйелері, жылу жүйесі, санитарлық-тұрмыстық жағдайлары жақсарып, оқушыларға қолайлы жағдай жасалды. Осының бәрі оқу сапасына, мұғалімдердің тиімді жұмыс жүргізуіне және балалардың денсаулығына оң ықпал етеді. Төртіншіден, мұндай реновация жұмыстары тек материалдық жағдайды жақсартумен шектелмей, әлеуметтік тұрақтылыққа да әсер етеді. Жаңа кейіпке енген мектептер мен балабақшалар ата-аналардың сенімін күшейтіп, жергілікті қауымдастықта білім беру мекемелерінің беделін арттырады.
Президент тапсырмасы аясында қолға алынған бұл жұмыс білім саласында жүйелі өзгерістердің бастамасы деуге болады. Шымкентте мектептерді жаңарту тек ағымдағы қажеттілікті өтеу ғана емес, ұзақ мерзімді даму жоспарының бөлігі. Себебі қалада жыл сайын оқушы саны артып келеді, соған сәйкес мектептердің де функционалдығы жоғары болуы шарт. Шымкент қаласында жүзеге асырылған күрделі жөндеу жұмыстарының тағы бір қыры – бұл білім мекемелерін жаңа буынға бейімдеу. Заманауи мектеп тек білім беретін орын ғана емес, оқушылардың шығармашылық, ғылыми және спорттық қабілеттерін дамытуға арналған орта болуы тиіс. Жаңартылған инфрақұрылым осы мақсатқа қызмет етіп отыр.
Жалпы алғанда, соңғы үш жылда еліміз бойынша жүзеге асырылып жатқан мектептерді реновациялау бағдарламасы, оның ішінде Шымкенттегі тәжірибе, білім беру саласында маңызды сапалық өзгерістердің алғышарты болып отыр. Жаңартылған мектептер – бұл балалардың қауіпсіздігіне кепілдік, мұғалімдердің сапалы еңбек етуіне мүмкіндік және қоғамның болашаққа деген сенімін арттыратын нақты қадам. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары тек білім беру инфрақұрылымын жақсарту емес, қаланың әлеуметтік дамуындағы стратегиялық қадамдардың бірі болып отыр. Бұл – ұзақ мерзімді нәтижесінде білім сапасының артуына, жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетінің көтерілуіне алып келетін бастама.




