БАЛАБАҚШАЛАРДЫҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Шымкент қаласында жаңа оқу жылына дайындық аясында мектепке дейінгі ұйымдардың жағдайы жіті бақылауға алынып отыр. Осы мақсатта Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Жанар Сатыбалдықызы Қасымова мен бөлім басшысы Күлзина Ерсейітқызы Уалиханова бірқатар балабақшаларға барып, олардың материалдық-техникалық базасын, қауіпсіздік жағдайын және жалпы қызмет көрсету сапасын зерделеді.
Тексеру жұмыстары №50 «Нұрбөбек», №51 «Әліхан» және №54 «Асыл-Арман» балабақшаларын қамтыды. Әр нысандағы ойын бөлмелері, асхана, жатын бөлмелер, ойын алаңдары толық қаралды. Мұнда балалардың жайлы әрі қауіпсіз ортада тәрбиеленуі үшін барлық жағдайдың жасалған-жасалмағаны мұқият бағаланды. Зерделеу барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуы – негізгі назардағы мәселенің бірі болды. Өрт қауіпсіздігі жүйелерінің жұмысқа жарамдылығы, бейнебақылау камераларының толық орнатылуы мен істен шықпауы, санитарлық-гигиеналық нормалардың орындалуы тексерілді. Балабақшалардағы тамақ дайындау орындары мен асхананың тазалығы, балалардың ұйықтайтын бөлмелерінің жарық, жылы әрі желдету жүйесі дұрыс болуы да басты назардан тыс қалмады. Әр мекеме бойынша анықталған кемшіліктер мен жетілдіру қажет тұстарға қатысты нақты әдістемелік және ұйымдастырушылық ұсыныстар берілді. Кадрлық құрамның тұрақтылығын қамтамасыз ету, тәрбиешілердің біліктілігін арттыру, ойын және оқу жабдықтарын жаңарту, ауладағы ойын алаңдарын қауіпсіз ету сынды ұсыныстар осының қатарында.
Мамандардың айтуынша, мұндай зерделеу жұмыстарының басты мақсаты – жаңа оқу жылын жүйелі әрі сапалы бастау. Себебі мектепке дейінгі ұйымдардағы жағдай балалардың алғашқы білім алу тәжірибесінің негізін құрайды. Ортаның қауіпсіздігі мен жайлылығы баланың дамуына тікелей әсер ететін факторлардың бірі. Білім басқармасы өкілдері бұл бағыттағы тексеру және бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Жоспар бойынша, барлық балабақшаларда осындай кешенді мониторинг жүргізіліп, оқу жылына толық дайындық қамтамасыз етіледі. Бұл, өз кезегінде, Шымкенттегі мектепке дейінгі білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек.




