МЕКТЕПТЕРДЕ 10 МЫҢНАН АСТАМ БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАСЫ ОРНАТЫЛАДЫ

Шымкент қаласының білім беру мекемелері үшін 2025 жылдан бастап жаңа кезең басталғалы отыр. Қала мектептеріне енгізілетін аппараттық-бағдарламалық кешен – білім беру саласын цифрландырудың аясында іске асатын ірі жобалардың бірі. Бұл бастама білім сапасын арттырумен қатар, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа жүйе туралы қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында кеңінен баяндап берді.
Жобаның басты мақсаты – мектеп инфрақұрылымын заман талабына сай жетілдіру, интернет жылдамдығын тұрақтандыру, бейнебақылау жүйесін жетілдіру және білім беру процесіне қатысушылардың – оқушы, мұғалім, әкімшілік, ата-ана – арасындағы байланысты күшейту. Бұл – бүкіл білім беру үдерісін бақылау мен басқарудың жаңа деңгейіне көтеретін қадам. Сәрсен Құранбектің айтуынша, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы мектептердің басым бөлігінде интернет жылдамдығы мен техникалық жабдықтау деңгейі оқу процесінің сапалы өтуіне толық мүмкіндік бере бермейді. Бұған дейін орта есеппен әр мектепке 150 мбит/сек интернет бөлініп келген, оның ішінде 20 мбит/сек дабыл жүйесіне, 30 мбит/сек бейнебақылауға, ал қалған 100 мбит/сек оқу процесіне арналған. Алайда нақты жағдайды талдау барысында көптеген мектептерде тек 20 мбит/сек қана қосылып отырғаны белгілі болған. Бұл мектептегі заманауи құралдарды тиімді пайдалануға кедергі келтіруде. Енді жаңа кешен осы мәселені түбегейлі шешуге бағытталып отыр.
Жаңа жүйенің маңызды артықшылықтарының бірі – интернет жылдамдығын үнемі бақылау. Егер желі баяуласа немесе техникалық ақау туындаса, мамандар мәселені автоматты түрде анықтап, шұғыл шешім қабылдайды. Мұндай үздіксіз бақылау режимі мектептердің цифрлық инфрақұрылымын тұрақты жұмыс күйінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Қауіпсіздік жүйесі де ерекше назарда. Қаладағы мектептердің кейбірінде бейнебақылау камералары жеткіліксіз, ал кей мектептерде бейнежазбалар сапасыз аналогтық құрылғылар арқылы жүзеге асуда. Бұл – оқу орнындағы кез келген оқиға кезінде нақты дәлелдердің жетіспеуіне алып келуде. Қалалық әкімдік осы мәселелерді шешу үшін барлық мектептерге жаңа үлгідегі цифрлық камералар орнатпақ. Жобаның тағы бір ерекшелігі – барлық қауіпсіздік жүйелерін бір орталыққа біріктіру. Бұған дейін түрлі жүйелерді әртүрлі компаниялар орнатып, үйлесімсіз жұмыс істеп келсе, енді барлық құрылғылар мен бағдарламалар кешенді түрде біріктіріліп, Жедел басқару орталығына тікелей қосылады. Бұл – құқық бұзушылықтардың алдын алу, төтенше жағдайларда жылдам әрекет ету және мектептердің ішкі тәртібін қамтамасыз ету үшін өте маңызды.
ҚР заңнамасына сәйкес, 100 адамнан астам жиналатын мекемелер террористік тұрғыдан осал нысан ретінде тіркелуі тиіс және оларда орнатылған бейнебақылау жүйесі міндетті түрде Жедел басқару орталығына тікелей қосылуға тиіс. Шымкент қаласының кейбір мектептерінде бұл талап толық орындалмаған. Жаңа кешен аясында бұл мәселе түбегейлі шешімін табады. Баспалдақ алаңдары, дәліздер, спорт залдары сияқты бұған дейін бейнебақылау назарынан тыс қалған аумақтар да толық қамтылады. Жалпы алғанда, жоба аясында 10 мыңнан астам жаңа бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр. Қазіргі мектептерде тұрған 2600 камераның ескіргені, техникалық талаптарға сай келмейтіні анықталған. Бұл камералар толығымен жаңартылып, қалалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына тікелей бейімделетін болады. Сондай-ақ, жеке тұлғалардың құқықтарын сақтау мәселесі де ескерілген. Жеке кеңістіктерге, мысалы, дәретханаларға камера орнатылмайды. Ал оқу кабинеттері, дәліздер мен басқа да қоғамдық кеңістіктерде камералардың болуы – заң талаптарына сай. Бұл – қауіпсіздік пен оқу сапасын арттыруға бағытталған шара.
Орнатылатын камералар – «Hikvision» компаниясының заманауи өнімдері. Бұл құрылғылардың сапасы халықаралық стандарттарға сай және ұзақмерзімді пайдалануға жарамды. Әкім орынбасарының айтуынша, бұған дейін кей компаниялар камера бағасын бірнеше есе көтеріп, 100 мың теңгелік құрылғыны 300 мың теңгеге жеткізгісі келген. Жобаны іске асыру барысында мұндай асыра бағалаулардың алдын алу үшін мемлекеттік сатып алулар жүйесіне қатаң бақылау қойылған. Мемлекеттік конкурс арқылы жабдықтаушы компания таңдалып, жоба сапасы бойынша жоғары талап қойылған. Жобаның жалпы құны – 5,5 млрд теңге. Бұл сома үш жылға бөлініп, сервистік қызмет негізінде ай сайын төленеді. Бірінші кезеңде компания 4,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салып, қалған қызметтер келісімшарт аясында жүзеге асады. Жоба аяқталғаннан кейін төртінші жылы компания өз қызметін тегін ұсынатын болады. Сонымен қатар бес жылдық кепілдік те қарастырылған. Бұл – бюджеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуына және ұзақмерзімді қызметке сенімділік беретін маңызды фактор.
Жоба шеңберінде мектептердегі оқу процесін бақылау, талдау және басқару жүйелері де енгізіледі. Жаңа кешен іске қосылған соң, мұғалімнің сабақты өткізу процесі, оқушының қатысуы мен тәртібі туралы мәліметтерді мектеп әкімшілігі ғана емес, Білім басқармасы мен оған қарасты Әдістемелік орталық та қадағалап отыра алады. Бұл – білім беру сапасын талдауға, проблемалық аймақтарды анықтауға, және тиісті шара қабылдауға жол ашатын құрал. Келешекте бұл жүйе «Kundelik.kz» платформасымен де интеграциялануы мүмкін. Бұл ата-аналар үшін де үлкен мүмкіндік болмақ. Олар өз баласының сабаққа қатысуы, үлгерімі және жалпы оқу барысын онлайн бақылай алады. Бұл – ата-аналар мен мектеп арасындағы сенімді арттырып, оқушылардың тәртібі мен жауапкершілігін нығайтуға ықпал ететін қадам.
Жалпы алғанда, Шымкент қаласында қолға алынған бұл бастама – білім беру саласында ақпараттық ашықтықты қамтамасыз етуге, тиімділікті арттыруға және оқу орындарының қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бүгінгі таңда Алматы мен Атырау өңірлері осындай жүйені енгізуде көш бастап келеді. Енді Шымкент те сол қатарға қосылып, цифрлық басқару мен қауіпсіздік жүйесінде үздіктердің қатарынан көрінбек. Жаңа кешеннің толық іске асуы мектептегі тәртіпті, сабақ сапасын және оқу процесінің тиімділігін арттырып, педагогтер мен оқушылар үшін оңтайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл – тек техникалық жоба емес, ол – білім беру жүйесін сапалық жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық бастама. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің сөзінше, бұл жүйе – бақылау құралы ғана емес, оқыту мен тәрбиелеу сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін басқару механизмі. Жобаның іске асу процесі тиісті органдардың тұрақты бақылауында болады.




