БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫН ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУҒА ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ

2025 жылғы жаз мезгілінде Түркістан облысында балалардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізу мақсатында бірқатар маңызды шаралар қолға алынуда. Биыл өңірде екі жаңа жазғы демалыс лагері өз жұмысын бастап, мектеп оқушыларына арналған ауқымды сауықтыру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл игі бастама балалардың жан-жақты дамуына, денсаулығын нығайтуға және жазғы демалысты пайдалы өткізуіне бағытталған.
Түлкібас ауданының көрікті Келтемашат шатқалында орналасқан «Отырар» жазғы сауықтыру лагері биылғы жазғы маусымдағы жұмысын ресми түрде бастады. Алғашқы ауысымда лагерьге Отырар ауданынан 153 оқушы қабылданды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері оларды арнайы сүйемелдеп жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев оқушылармен кездесу өткізіп, жазғы демалысты қызықты әрі пайдалы өткізуге тілектестік білдірді. Ата-аналар тарапынан облыс әкімдігіне алғыс айтылып, балалардың демалысын ұйымдастыруға жасалған жағдайлар оң бағаланды. Жалпы биылғы жазда Отырар ауданындағы 31 мектептен 1050 оқушыны лагерьге жіберу жоспарланған. Лагерь 7 ауысыммен жұмыс істейді, әр ауысымда 150 бала тынығады. Сонымен қатар биыл «Машат-Арасан» сауықтыру лагері де алғашқы оқушылар тобын қабылдады. Мұнда Созақ ауданынан 450 бала тынығуда. Балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп, 20-ға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған және кәсіби күзет қызметі тұрақты жұмыс істейді. Лагерьде 26 тәрбиеші мен 2 дене шынықтыру үйірмесінің жетекшісі балалардың қызықты және белсенді демалысын ұйымдастырумен айналысады. Сонымен қатар психологтар, медбикелер және пән мұғалімдері де балалардың жан-жақты дамуына үлес қосуда.
Лагерьде балаларға тек тынығу емес, сонымен қатар адамгершілікке, ұйымшылдыққа, патриоттық және отансүйгіштікке баулу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіледі. Салауатты өмір салты, ұлттық салт-дәстүрлер, мәдениет пен білімге қызығушылықты арттыру – тәрбие жұмысының негізі. Балаларға электр, өрт қауіпсіздігі, жолда жүру ережелері, бассейн мен спорт алаңдарында өзін-өзі ұстау жөнінде күнделікті нұсқаулықтар беріліп отырады. Түнгі кезекшілік ұйымдастырылып, тәртіп пен тыныштыққа қатаң бақылау жүргізіледі. Балалар тәулігіне 5 мезгіл сапалы және құнарлы тамақпен қамтамасыз етіледі. Әр баланың денсаулығы мұқият бақыланып, лагерьге келген және қайтқан кездегі бойы мен салмағы өлшеніп, арнайы журналға тіркеледі. Қажет жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетілетін жағдайлар толық қарастырылған. Тәрбиешілер балалардың жеке бас гигиенасын, киім-кешек пен төсек орындарының тазалығын тұрақты тексеріп отырады. Сонымен қатар спорттық ойындар мен дене шынықтыру шаралары да балалардың дене дамуын дұрыс қалыптастыруға бағытталған.
Түркістан облысында биылғы жазда балалардың демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлкен көңіл бөлінуде. Лагерьлердің ашылуы – тек демалыс емес, сонымен қатар тәрбиенің, денсаулық сақтаудың және тұлғалық дамудың маңызды кезеңі. Бүгінгі балалар – ертеңгі ел болашағы екенін ескерсек, олардың қауіпсіз әрі мағыналы жазғы демалысы – мемлекеттің басты назарындағы мәселе. Облыс басшылығының осы бағыттағы қолдауы – жарқын болашаққа бағытталған сенімді қадам.