ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ САЛАСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛМАҚ

Автомобиль жолдары – ел экономикасының күретамыры, халықтың күнделікті өмірінің маңызды бөлігі. Түркістан облысында жол инфрақұрылымын дамыту – тек көлік қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне серпін беретін стратегиялық бағыттардың бірі. Сапалы жол – қауіпсіздік пен уақыт үнемі. Түркістан облысы үлкен географиялық аумақта орналасқан, ауылдар мен қалалардың арақашықтығы айтарлықтай. Жолдардың жақсаруы арқылы тұрғындар аудан орталықтарына, денсаулық сақтау және білім беру мекемелеріне, жұмыс орындарына тез әрі қауіпсіз жетуге мүмкіндік алады. Бұл халықтың өмір сүру сапасын арттырады.
Сонымен қатар, жол құрылысы – өңір экономикасына үлкен әсер ететін фактор. Жол тартылған сайын жаңа сауда, қызмет көрсету нысандары ашылып, шағын және орта кәсіпкерлік дамиды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа уақытылы жеткізу жеңілдейді. Бұл өз кезегінде жергілікті фермерлер мен кәсіпкерлердің табысын арттырады. Туризм – Түркістан облысының басты салаларының бірі. Түркістан қаласының рухани астана мәртебесіне ие болуы жол инфрақұрылымының сапасын талап етеді. Қонақтар мен туристерге қолайлы жол қатынасы – олардың облысқа келуіне, қайта оралуына ықпал етеді. Осы орайда халықаралық маңызы бар автожолдардың қайта жөнделуі мен жаңадан салынып жатқан жолдар ерекше маңызға ие. Мемлекет пен жергілікті билік жол саласында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Қалалар мен елді мекендерді байланыстыратын жолдар ғана емес, ауылішілік көшелер де жаңартылуда. Бұл – тек көлік қозғалысын жеңілдету емес, тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқан нақты қадамдар.
Нақты деректерді тарқатсақ, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 678 шақырым болса, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым. Елді мекен көшелері 11305 шақырымды құрайды. 2025 жылы облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 283 нысан немесе 1181,2 шақырым жол мен көшелер қамтылуда. Жыл қорытындысымен 222 нысан немесе 929,3 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделуда. Аталған саладағы мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды. Өз сөзінде «Жолдың сапасына мән беріледі. Бұл бойынша тиісті мекемелер тарапынан кемшіліктер анықталса, жауапты басшылар, аудан, қала әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын ескертемін. Жұмысты жандандырыңыздар және әр жоба қатаң бақылауға алынсын» деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев пен «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Мықтыбаевтың есептері тыңдалды. Биыл облыстық маңызы бар жолдарға 19,6 млрд теңге бөлініп, 24 нысан немесе 225,5 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Жыл қорытындысымен 17 нысан немесе 111,8 шақырым жол пайдалануға беріледі. Аудандық маңызы бар жолдарға 3,1 млрд теңге бөлініп, 24 нысан немесе 130,7 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Биыл 12 нысан немесе 49,3 шақырымы пайдалануға беріледі. Елді мекен көшелеріне келсек, 235 нысан немесе 831,2 шақырым жол жөнделіп жатыр. Жыл соңына дейін 193 нысан немесе 774,4 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 140 елді мекенде 90 нысан немесе 391,8 шақырым көше жөндеу жұмысымен қамтылуда. Жыл соңына дейін 87 нысанды пайдалануға беру көзделген. 2025 жылдың қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7 пайыздан 95 пайызға жеткізу жоспарланған. Мәжілісте осы саладағы жұмысқа кері әсерін тигізіп жатқан факторлар зерделеніп, жауаптыларға мемлекеттік сатып алу жұмысын жеделдету, битум шығаратын зауыттардың жұмыс қарқынын түсірмеу, мердігерлердің жұмысын бақылап, жол сапасын жақсарту, айналма жолдардың құрылысын үйлестіру жөнінде тиісті міндеттер жүктелді.