ІШКІ ТӘРТІП БОЛМАСА, ӘДІЛДІК ОРНАМАЙДЫ

сыбайлас жемқорлықпен күресті құқық қорғау органдарының өзінен бастау керек

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Бұл басқосу ел көлемінде аса өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы жұмыстардың барысын бағамдауға арналды. Жиын барысында партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу деңгейі, қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және құқық қорғау органдарының қызметі кеңінен сараланды.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров елімізде кең тараған жемқорлық тетіктерін атады. Әсіресе, жергілікті атқарушы органдар тарапынан мемлекеттік бағдарламалар аясындағы сатып алулар мен әлеуметтік төлемдерде парақорлық пен қаржы жымқыру жағдайлары жиі тіркеліп отырғанын сөз етті. Мысалы, Шымкентте соңғы үш жыл ішінде анықталған 270 сыбайлас жемқорлық қылмыстың 195-і пара алу, 67-сі – ұрлық, ал 5-еуі – қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану фактілері болып отыр. Бұл қылмыстардан мемлекетке келген залал 7,4 млрд теңге болса, соның 5,9 миллиарды ғана қайтарылған. Аталған деректер – жай ғана сандар емес, халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс қаржының жеке қалтаға бағытталғанын көрсететін ащы шындық. Ерлан Саировтың айтуынша, әсіресе денсаулық сақтау (39 жағдай) және білім беру (31 жағдай) салаларында жемқорлық фактілері көп тіркелген. Бұл екі саланың қоғам үшін маңыздылығын ескерсек, мәселенің салмағы тіпті ауырлай түседі. Дегенмен оң өзгерістер де жоқ емес. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде Шымкентте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша нақты шаралар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Әрбір мемлекеттік органда құқық қорғау органдарымен бірлескен профилактикалық жұмыстар өтуде. Бұл процеске азаматтық қоғам өкілдері де белсенді араласып отыр. Жиын барысында жуырда жария болған шулы оқиға – Шымкент қаласында жүргізуші куәліктерін заңсыз беру фактісі де назардан тыс қалмады. Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратурамен бірлесе отырып, бұл салада ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкерелеген.
Жалпы сыбайлас жемқорлықты қоғам мен барлық құзырлы органдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде жеңе аламыз. Өкінішке қарай, Полиция департаменттері, прокуратура мен сот органдарының ішінде де парақорлық пен лауазымын асыра пайдаланған жағдайлар кездесіп отырғаны жасырын емес. Өз жүйесінде тәртіп орнатпаған құрылымнан әділдік күту – бекер. Сондықтан әуелгілерден болып дәл осы құқық қорғау органдарының ішіндегі тазалықты қамтамасыз ету маңызды. Әйтпегенде жағдайдың жақсы жаққа өзгеруі неғайбыл. Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына тұсау болатын басты кедергі. Онымен күресте батыл шешім, ашықтық, жауапкершілік пен нағыз әділдік қана жеңіске жеткізе алады.

Ж.БАЛАУСА.