ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ СУБҰРҚАҚТАР МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында жаздың келуімен бірге көпшілік асыға күтетін ерекше кезең — субұрқақтар маусымы басталды. Бұл дәстүрлі шара қала көркін сәндеп қана қоймай, тұрғындарға сергітетін жайлы орта сыйлайды. Биылғы маусымда қала басшылығының қолдауымен субұрқақтар желісін кеңейту және жаңарту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Қала әкімі жұмыс сапары аясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын өз көзімен көріп, жобалардың орындалу барысын тексерді. Қазіргі уақытта 40 нысанның 17-сінде құрылыс қарқынды жүруде. Бір субұрқақ пайдалануға беріліп, шымкенттіктер мен қала қонақтары үшін демалуға қолайлы жағдай жасалды. Жаңа субұрқақтар негізінен саябақтар, скверлер мен халық көп жиналатын демалыс аймақтарында бой көтеруде. Әкімдік тарапынан құрылыс сапасына қатаң бақылау орнатылып, мердігер ұйымдардың жұмысы жүйелі түрде тексерілуде. Қала басшысы арнайы барып, Тәуке хан даңғылындағы «Алатау» саябағы, «Астана», «Нұрсат», «Тұран» шағынаудандары мен бірқатар көше бойындағы құрылыс алаңдарын аралады. Сонымен қатар әкім жылыжай кешені жобаларының жүзеге асырылуына да назар аударды. «Alsera KZ» ЖШС нысанындағы ірі жылыжай кешенінің құрылыс барысы ерекше бақылауда. Бұл жоба екі кезеңмен жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде 208 гектар аумақтың 40 гектарында құрылыс толық аяқталған. Жүздеген жұмысшы екі ауысымда жабдықтарды орнатуға кірісіп, құрылыс жұмысы жоғары қарқынмен жалғасуда.
Инвестормен кездесу барысында жобаның екінші кезеңін бастау, қосымша жер телімдерін бөлу және инфрақұрылым қуатын арттыру мәселелері талқыланды. Бірінші кезең іске қосылғаннан кейін 1750 тұрақты жұмыс орны ашылып, кешеннің жылдық өндірістік қуаты 51 мың тоннаға жетпек. Қала әкімі сапар соңында Қошқар-ата өзенінің жағалауындағы санитарлық жағдаймен танысып, тазалықты сақтау бойынша нақты тапсырмалар берді. Тиісті мекемелерге қоқыс тазалау жұмыстарын күшейту, қосымша қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнату және тұрмыстық қалдықтарды жүйелі түрде шығару жүктелді. Шымкент қаласы тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы бұл шаралар шаһардың заманауи әрі жайлы қалаға айналуына үлкен үлес қосары сөзсіз.