ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫЛЫМДЫ ФОРУМ ӨТТІ

Шаңырақтың шуағы, отбасының тірегі, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі саналатын асыл әжелеріміздің өмірлік тәжірибесі мен рухани байлығы жастарға өнеге болады. Осы орайда Шымкент қаласында Қалалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен «Аялы әже – ұрпақ ұйытқысы» атты тағылымды форум ұйымдастырылды. Іс-шара барысында аналық мейірім мен ұлттық құндылықтар кеңінен дәріптеліп, әжелердің қоғамдағы рөліне ерекше назар аударылды.

Форум аясында өнегелі өмір сүріп, ұлттық тәрбиені дәріптеп жүрген әжелердің ғибратты әңгімелері тыңдалды. Олар салт-дәстүр, отбасылық тәрбие және рухани мұра жайлы ой бөлісіп, жас буынға бағыт-бағдар беретін құндылықтарды паш етті. Шарада бесік жыры орындалып, ұлттық киімдер үлгісі мен отбасы салт-жоралғылары сахналанды. Шарада қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтау сөз сөйлеп, әженің отбасындағы маңызына ерекше тоқталды. «Әже – ұрпақтың рухани тірегі. Абай сынды ұлы тұлғаларымыз да тәрбиені әжесінен алған. Бұл форум — сол ұлы мұраны бүгінгі күнмен сабақтастыратын маңызды шара» деп атап өтті ол. Форумға Шымкент қаласының бес ауданынан келген 15 әжелер тобы қатысып, алдын ала өткен байқауда үздік шыққан бес топ финалға жолдама алды. Олар ұлттық өнер мен тәрбиелік көріністерді шебер ұштастырып, сахнада әсерлі қойылымдар көрсетті. Қала әкімінің арнайы марапатына ие болған әжелер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев пен Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов форумның тәрбиелік мәнін атап өтті. Ал әділқазылар алқасында болған Бекет Тұрғараев пен Баян Жандосова қатысушылардың ән айту шеберлігі, ұлттық көріністерді сахналау, сахна мәдениеті және салт-дәстүрді насихаттау деңгейі бойынша әділ бағасын берді. Бұл игі бастама — ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтып, қазақ отбасының киелі құндылықтарын насихаттауға, ұлттық тәрбиенің өміршеңдігін дәлелдеуге бағытталған жарқын үлгі. Форум арқылы әжелердің ақыл-кеңесі мен үлгі-өнегесі жастардың бойына ізгілік пен рухани байлық сіңіруде маңызды рөл атқаруда.