ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІП – ЖАЙЛЫ ҚАЛА ҚҰРУДЫҢ НЕГІЗІ

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Шымкент қаласының Тұран және Еңбекші аудандарында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті дамыту және қоршаған ортаның тазалығын сақтау.
Тұран ауданындағы сенбілікке аудан тұрғындары, жастар белсенділері мен коммуналдық мекемелердің қызметкерлері белсене қатысты. Үшінші шағын ауданда өткен тазалық жұмыстары барысында аулалар мен көше бойлары, су арналары және жасыл аймақтар қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді. Шараға 300-ге жуық адам қатысып, тазалықты қамтамасыз етуге «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС мен «Тұран» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің арнайы техникасы мен мамандары тартылды. Жұмыс барысында жиналған тұрмыстық және құрылыс қалдықтары арнайы техника көмегімен шығарылып, аумақ толықтай санитарлық өңдеуден өтті. Сонымен қатар ағаштар кесіліп, ретке келтірілді.
Осыған ұқсас сенбілік Еңбекші ауданының Ш.Уәлиханов көшесіндегі №186 көпқабатты тұрғын үй маңында да өтті. Мұнда санитарлық тазалау, ағаштарды кесу, шөп шабу және жаяу жүргіншілер жолдарын жуу сияқты кешенді шаралар атқарылды. Тазалық жұмыстарына «Еңбекші» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Группа Интеко» ЖШС-нің қызметкерлері және аудан тұрғындары жұмылдырылды. Арнайы техникалар мен шөп оратын құрылғылар пайдаланыла отырып, аумақ экологиялық тұрғыдан ретке келтірілді. Мұндай іс-шаралар қала экологиясын жақсартумен қатар, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сана-сезімнің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Тазалық пен тәртіп – жайлы әрі қауіпсіз қала ортасын құрудың маңызды алғышарттарының бірі. Шымкент қаласы әкімдігі алдағы уақытта да экологиялық сенбіліктерді тұрақты түрде өткізіп, тұрғындарды белсенді қатысуға шақыруды жоспарлап отыр.