БІР ЖЫЛДА КАРТОП БАҒАСЫ 66,4 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАҒАН

Наурыз айында ел бойынша тұрғын үйді жалға алу төлемі жылдық мәнде 14,9 пайызға, жаңа жеңіл көлік бағасы 21,6 пайызға, картоп бағасы 66,4 пайызға, суық су тарифі 88,4 пайызға өскен. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының наурыз айындағы бағалар туралы ресми мәліметінде айтылған.

Ресми статистика бойынша, наурыздағы инфляция 2024 жылдың наурызындағы көрсеткіштен 10 пайыз жоғары болған. Оның ішінде ақылы қызметтердің бағасы бір жылда 14,3 пайызға, азық-түлік емес тауарлар құны 9,1 пайызға, азық-түлік тауарлардың бағасы 7,6 пайызға өскен. Тарифтердің ішінде әсіресе суық сумен жабдықтау құны қатты көтерілген – бір жылда 88,4 пайыз. Сондай-ақ су бұру тарифі 23,7 пайызға, орталықтан жылыту тарифі 19 пайызға, ыстық су тарифі 14,6 пайызға, электр тарифі 14,3 пайызға, тұрмыстық газды құбыр арқылы тарату тарифі 13,3 пайызға, қоқыс шығару тарифі 11,1 пайызға, тұрғын үйді күтіп ұстауға жұмсалған төлем 11 пайызға өскен. Байланыс қызметтерінің бағасы 13,9 пайызға, денсаулық сақтау қызметтерінің бағасы 13,4 пайызға, көлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу бағасы 12,9 пайызға, шаштараздардағы баға 12,6 пайызға, қоғамдық орында тамақтану құны 11,3 пайызға артқан. Ал темір жол билеті 23,6 пайызға, қалалық автобуспен қатынау 11,2 пайызға, ұшақ билеті 10 пайызға қымбаттаған. Тұрғын үйді жалға алу төлемі 14,9 пайызға өскен.
Ал зергерлік бұйымдар мен сағаттар 26,6 пайызға, жаңа жеңіл автомобиль 21,6 пайызға, кілем 13,9 пайызға, киім мен аяқ киім 10,9 пайызға, жиһаз 10 пайызға, баллонға құйылған сұйытылған газ 23 пайызға, ағаш 14,8 пайызға қымбаттаған. Азық-түліктің ішінде картоп ең қатты қымбаттаған – 66,4 пайыз. Сонымен қатар пияз бағасы 32,2 пайызға, қырыққабат бағасы 27,3 пайызға, минералды және ауыз су бағасы 17,1 пайызға, күнбағыс майының құны 16,8 пайызға, кондитерлік өнімдер бағасы 15 пайызға, қызанақ бағасы 14,9 пайызға, банан бағасы 14,6 пайызға, алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерінің бағасы 13 пайызға, сары май бағасы 12,2 пайызға, жеміс және көкөніс шырындарының бағасы 11,4 пайызға, сиыр етінің бағасы 11,2 пайызға, балық және теңіз өнімдерінің бағасы 10,6 пайызға өскен. Былтырғы наурыздан бері тек қарақұмық жармасы 17,7 пайызға, жұмыртқа 8,3 пайызға, сәбіз 7,4 пайызға, күріш 6,3 пайызға арзандаған.

О.ҚАСЫМ.