МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІНІҢ ЭТИКАСЫ ҚОҒАМ ҮШІН АЙРЫҚША МАҢЫЗҒА ИЕ

Мемлекеттік қызметшілер – қоғам мен мемлекет өмірінде айрықша орын алатын азаматтар. Олар мемлекеттік билік органдарында ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындауға, экономикалық-әлеуметтік және саяси реформаларды жүзеге асыруға үлес қосады. Сол себепті мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігімен қатар, моральдық-этикалық ұстанымдары, адалдығы, адамгершілік қасиеттері қоғам үшін маңызды. Алайда қазіргі заманның терең проблемаларының бірі – лудомания бұл салаға да әсерін тигізбей қоймайды. Лудоманияның мемлекеттік қызметшілерге ықпалы қоғамның тұрақтылығына, мемлекеттің беделіне, басқару жүйесінің тиімділігіне теріс әсер етуі мүмкін.

Ең әуелі, мемлекеттік қызметшілердің міндеті – халық игілігі үшін адал еңбек ету. Олар ел дамуы мен халық мүддесін бірінші орынға қоюға тиіс. Десе де құмар ойындарға тәуелділікке душар болған мемлекеттік қызметші қызметтік міндеттерін толыққанды атқара алмайды. Өйткені лудомания адамның ой-санасын, уақытын, тіпті қаржылық мүмкіндіктерін ойынға тәуелді етіп, кәсіби мінез-құлықты бұзады. Тәуелділікке тап болған шенеунік жұмыстағы жауапкершілікті ұмытып, іскерлік кездесулерді, маңызды шешімдерді кейінге ысырып, қызметтік тәртіпті бұзуы ықтимал. Нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі әлсіреп, ел мүддесіне қажет жобалар уақытында орындалмайды. Екінші жағынан, лудомания мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлық қатерін күшейтеді. Құмар ойындарға батқан тұлға қаржылық тапшылыққа тап болып, қарызға белшесінен батады. Мұндай кезде ол заңсыз жолдармен ақша табуға ұмтылуы мүмкін. Мәселен, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану, пара алу, бюджеттік қаражатты жымқыру, заңсыз келісімдерге бару – мұның бәрі лудоманиядан туындаған жемқорлықтың салдары. Бұл әрекеттер тек жеке адамның ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың беделіне көлеңке түсіреді. Халықтың билікке сенімі азайып, мемлекеттік қызмет жүйесі әділетсіздікпен, адалдықтың тапшылығымен сипатталады. Сонымен қатар, лудоманиямен ауыратын мемлекеттік қызметші отбасылық тұрақтылық пен әлеуметтік байланыстарын жоғалтуы мүмкін. Жұмыс пен отбасы арасындағы теңгерім бұзылып, жақындарына көңіл бөлмей, қаржысын ойынға салу оның өз ортасынан бөлектенуіне әкеледі. Осының салдарынан қызметші психологиялық күйзеліске ұшырап, моральдық тұрғыдан да әлсірейді. Мұндай ахуалда адамның кәсібилік пен адамгершілік қасиеттері де құлдырайды.
Мемлекеттік қызметшілер арасындағы лудомания проблемасын шешу үшін кешенді шаралар қажет. Біріншіден, заңнамалық тұрғыда құмар ойын индустриясын қатаң реттеу, жарнаманы шектеу, ойынханалар мен букмекерлік кеңселердің жұмысын бақылау маңызды. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілерге арналған әдеп кодекстеріне, қызметтік талаптарға лудоманияның алдын алу жөніндегі ережелерді енгізу керек. Үшіншіден, психологиялық қолдау қызметтерін іске қосу, арнайы семинар-тренингтер, кеңес беру орталықтарын ұйымдастыру арқылы тәуелділікке шалдыққандарға көмек көрсету қажет. Төртіншіден, азаматтық қоғам институттары, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар да ақпараттық-ағартушылық жұмыс жүргізіп, халықты хабардар ету арқылы мәселені ашық талқылауға ықпал ете алады. Осы орайда, жуырда Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Л.Мырзараимова Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті және Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мемлекеттік қызметшілері үшін «Әдеп кодексі талаптарын сақтау туралы» семинар өткізді. Семинар барысында Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтау, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер, лудомания және қызметтік автокөлікті тек қызмет бабында пайдалану тақырыптарында баяндады. Сонымен қатар, ұжымдағы қолайлы моральдық-психологиялық ахуал жасауға Әдеп жөніндегі уәкілге жүгіну құқықтары түсіндірілді.
Мамандардың сөзінше, лудомания адамның мінез-құлқында түбегейлі өзгерістер тудырады. Құмар ойындарға біртіндеп тәуелді болған тұлға өмірдің өзге құндылықтарынан алыстап, бар ойы мен күшін ұту мен ұтылуға бағыттайды. Ұтыстан алған бір сәттік ләззат адамды қайтадан сол күйді сезінуге итермелейді, ал ұтылған жағдайда ол қарызға белшесінен батып, тағы да қайталауға мәжбүр болады. Осылайша тұйық шеңбер қалыптасады. Адам өз өмірінің өзегін құмар ойындармен байланыстырып, моральдық тепе-теңдігінен, эмоционалдық тұрақтылығынан айырылып, стресс пен күйзеліске бой алдырады. Бұл кесел адамды отбасынан, достарынан, қоғамнан оқшауландырады. Лудоманияға шалдыққан азамат қаржы тапшылығына түсіп, отбасылық бюджетке зиян тигізеді, жақындарымен жиі жанжалдасып, өтірік айтуға, алаяқтық әрекеттерге баруға мәжбүр болады. Нәтижесінде отбасы институты әлсіреп, балалар ата-ана қамқорлығынан тыс қалады, моральдық құндылықтар төмендейді. Лудоманияның әлеуметтік кесел ретіндегі сипаты оның қоғамдық құндылықтарды бұзуымен байланысты. Құмар ойындар еңбексүйгіштік, адалдық, әділеттілік, білім мен тәжірибеге негізделген жетістіктерге мән бермейді. Ол адамның санасын жеңіл жолмен байлыққа жету идеясымен улайды. Бұл идея еңбек етуге, кәсіби дамуға деген құлшынысты төмендетіп, барлығын кездейсоқтыққа байлайды. Нәтижесінде қоғамда еңбекті қадірлеу, кәсібилікті бағалау сияқты маңызды қағидаттар құлдырап, орнына материалдық игіліктерге оңай қол жеткізу иллюзиясы басымдық алады. Лудоманиямен күресу – тек мемлекет пен заң органдарының міндеті емес. Бұл дертті еңсеру үшін бүкіл қоғам болып бірігу қажет. Заң тұрғысынан құмар ойын бизнесіне қатаң бақылау, жарнаманы шектеу, лицензиялық талаптарды күшейту қажет. Білім беру жүйесінде қаржылық сауаттылық сабақтарын енгізіп, жасөспірімдер мен жастарға құмар ойындардың зияны туралы жүйелі ағартушылық жұмыстар жүргізу маңызды. Отбасында ата-аналар балаларына адал еңбекпен табысқа жетудің құндылығын түсіндіріп, қаржы мәселелерін саналы түрде шешуге тәрбиелеуі тиіс. Жалпы лудоманияның мемлекеттік қызметшілерге әсері тек жеке тұлға шеңберінде қалмайды. Ол тұтас мемлекеттік жүйені іштей ірітіп, қоғамның билікке деген сенімін төмендетеді. Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен адалдықты қажет ететін сала. Сондықтан лудоманияға қарсы күресу – мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының кепілі. Егер біз мемлекеттік қызметшілердің моральдық тазалығын, жауапкершілігін және салауатты санасын сақтау үшін бірлесіп жұмыс істесек, болашақта жемқорлықсыз, әділетті, әрі сенімді басқару жүйесін қалыптастыра аламыз.