ТЫҢ ЖОБАНЫҢ ҚОҒАМҒА БЕРЕРІ КӨП
Қазіргі таңда жаһандық өзгерістер мен нарықтық қатынастардың қарқынды дамуы қоғамға экономикалық, әлеуметтік игіліктермен қатар, түрлі сын-қатерлер әкелуде. Олардың бірі – лудомания, яғни құмар ойындарға патологиялық тәуелділік. Бұл дерт бір қарағанда жеке адамның ғана мәселесі сияқты көрінуі мүмкін, алайда түптеп келгенде ол тұтас қоғамның әлеуметтік және моральдық-рухани әл-ауқатына нұқсан келтіреді. Сондықтан лудоманиямен күрес – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Лудомания адамның мінез-құлқын, санасын, құндылықтар жүйесін бұзады. Мұндай тәуелділікке шалдыққан тұлға тек ұту мен ұтылудың шеңберіне қамалып, басқа өмірлік басымдықтарды ұмыттырады. Ол өзінің уақытын, қаржылық ресурстарын және ақыл-ой энергиясын құмар ойындарға сарп етеді. Нәтижесінде жақындары мен туыстары арасындағы қарым-қатынастар бұзылып, отбасылық татулыққа сызат түседі. Көптеген жағдайда лудоманияға шалдыққан адам қарызға белшеден батып, жұмысынан айырылып, ақыр соңында өмірлік мақсатынан алшақтап, күйзеліске түседі. Бұл дерттің салдары тек жеке деңгейде ғана емес, қоғамдық аяда да көрініс табады. Лудомания экономикалық зардаптар әкеледі. Яғни еңбекке қабілетті жандар жұмыссыздыққа ұшырайды, халықтың төлем қабілеті төмендеп, ақшаның пайдасыз айналымы күшейеді. Әлеуметтік салада қылмысқа, сыбайлас жемқорлыққа бейімдік туындауы, моральдық құндылықтардың әлсіреуі, отбасы институтының шайқалуы – барлығы да қауіпті үдерістерге жол ашады. Осы ретте лудоманиямен күрес тек мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының міндеті емес. Қоғам болып бірігіп әрекет етпесе, мәселенің түп-тамырына үңілу қиынға соғады. Ең алдымен, заңнамалық шараларды қатайту, құмар ойын индустриясын қатаң бақылауға алу, жас мөлшеріне шектеулер енгізу арқылы лудоманияның таралуына тосқауыл қоюға болады. Сондай-ақ жарнаманы шектеу, ойын орындарын тек арнайы аймақтарда ұстау сияқты шаралар да маңызды.
Осы орайда, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Келес аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудандағы №13 колледждің мәжіліс залында Түркістан облысының ҚХА жанындағы Келес аудандық Аналар кеңесінің 4-тоқсандық отырысы өтті. Аталған жиынға Келес аудандық полиция бөлімінің, жергілікті полиция қызметінің Әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Э.Есенқұлова, №13 колледждің мамандары, Келес аудандық Аналар кеңесінің төрайымы мен белсенді мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Келес аудандық филиалының мамандары қатысты. Жиынға Келес аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Сәрсенова Гүлбала Жәнібекқызы модераторлық етті. Күн тәртібінде «Салауатты сана» жобасы аясында жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатында жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша атқарылған жұмыстар жайы қаралды. Баяндамашы ЮПТ инспекторы Э.Есенқұлова аудан аумағындағы қылмыстардың статистикасына тоқталып өтіп, жасөспірімдерді құқықбұзушылыққа, қылмысқа бармауларын сұрап, оның Заң алдында қатаң жауапкершілігі барын түсіндірді. Модератор Г.Сәрсенова зиянды әдеттерге тәуелділік бүгінде ұлтына, дініне қарамастан қазақстандық қоғамның ортақ дерті болып тұрғанын алға тартты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуміз керек. Қоғамдық кеселдерді түбірінен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамай, оған барлығы атсалысуы керек» деген болатын. Осы тұста айта кетерлігі, адамның еркін билеп, ессіз әрекетке апаратын мұндай өмір салты талайдың тағдырын талқандап, қоғамымызға зор нұқсан келтіріп отыр. Осы орайда, Аналар кеңесінің төрайымы мен белсенді мүшелері де өз ой-пікірлерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтты. Еліміздің ертеңгі болашағы — өскелең ұрпақ тәрбиесі әрбіріміздің қасиетті борышымыз дей келе, осы бағытта жүйелі жұмыстарды бірге жүзеге асыруға шақырды. Іс-шара соңында сұрақ-жауаптарға кезектер беріліп, жиналғандар тиісті деңгейде ұсыныс пікірлерін ортаға салды.
Жалпы білім беру жүйесінде қаржылық сауаттылық, салауатты өмір салты, жауапты шешім қабылдау дағдыларын үйрететін арнайы курстар мен дәрістер енгізу қажет. Жас ұрпақ лудоманияның зиянды салдарын түсініп өссе, бұл дертке қарсы иммунитет қалыптасады. Сонымен қатар ата-аналар, ұстаздар, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер жасөспірімдермен ашық сөйлесіп, құмар ойындардың қаншалықты зиян екенін түсіндіруге тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, қоғамдық ұйымдар да белсенділік танытуы керек. Ақпараттық-ағартушылық бағдарламалар, бейнероликтер, подкасттар, мақалалар арқылы лудоманияның салдарын кеңінен түсіндіру – қоғам санасын оятудың тиімді құралы. Діни мекемелер, мәдениет ошақтары мен өнер қайраткерлері адам санасын игі құндылықтарға, рухани жаңғыруға шақырып, ақыл-сананың биікте болуына ықпал ете алады. Лудоманиямен күресте емдеу және оңалту орталықтарының ашылуы, психологтар мен психотерапевттердің көмек көрсетуі де маңызды. Тәуелділікке тап болған адамға қоғам тек жазалаушы емес, қолдаушы, бағыт беруші ретінде қарауға тиіс. Анонимді кеңестер, арнайы сенім телефондары, онлайн-подкасттар, чат-боттар арқылы лудоманияға шалдыққан жандарға көмектесу – адамгершілік міндетіміз. Қорыта айтқанда, лудомания – қоғамымыздың ішкі тұрақтылығына, рухани құндылықтарына, экономикалық дамуына қатер төндіретін дерт. Оны еңсеру үшін барлық саланы қамтитын, кешенді және жүйелі іс-қимыл қажет. Біз заңнамалық реттеуден бастап, ақпараттық-ағартушылық шараларға, емдеу-оңалту бағдарламаларына дейінгі кең ауқымды шаралар арқылы ғана лудоманияның тамырын кесіп, қоғамдық өмірімізді салауатты арнаға түсіре аламыз. Қоғам болып күрессек, келешек ұрпаққа жарқын болашақ сыйлаймыз.