ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ ЗАРДАБЫ АУЫР, САЛДАРЫ ӨЗЕКТІ
Адамзат тарихында ойын-сауық пен көңіл көтерудің сан алуан түрі қалыптасқан. Ежелгі дәуірлерден бастап адамдар бос уақытын мәнді өткізу, қызық іздеу, бақ сынау, тіпті сәттілікті тексеру үшін әртүрлі ойындар ойлап тапқан. Осы ойындардың біразы бейкүнә көңіл көтеру құралы болса, бір бөлігі адамның психологиясына, әлеуметтік жағдайына және жалпы қоғамның әл-ауқатына терең әсер ететін құбылысқа айналды. Мұндай қауіпті ойындардың бірі – құмар ойындар. Құмар ойындар, яғни бәс тігу, ұту мен ұтылуға негізделген әрекеттер жүйесі, бүгінгі таңда жаһандық мәселеге айналып отыр. Әсіресе, технологияның дамуымен құмар ойындардың жаңа формалары туындап, оның зиянды ықпалы әрбір қоғамның айшықты мәселелерінің біріне айналды.
Құмар ойын – бұл түп негізінде кездейсоқтыққа негізделген, ақшалай немесе басқа да құндылықтармен байланысты ұту-ұтылу әрекеттері. Ежелгі Мысыр, Қытай, Үндістан, Грекия және Рим өркениеттерінде де құмар ойындар болғандығы туралы мәліметтер бар. Бастапқыда құмар ойындардың кейбір түрлері діни рәсімдермен, болашақты болжаумен немесе сиқыршылықпен ұштасып жатты. Кейінірек олар жай ғана ойын-сауық түріне айналып, қанатын кең жая бастаған. Орта ғасырларда Еуропада карта ойындары таралып, кейінірек рулетка, лотерея, сүйек лақтыру, ат жарыстары, спорттық бәсекелерге ақша тігу дәстүрі қалыптасты. XIX-XX ғасырларда құмар ойын индустриясы кәсібиленіп, арнайы ойынханалар, бәс тігу орталықтары бой көтерді. Ал ХХІ ғасырда интернет пен мобильді технологиялардың дамуы құмар ойындарды ғаламтор кеңістігіне көшіруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде онлайн-казино, спорттық бәс тігулер, покер сайттары, виртуалды слоттар мен лотереялар кең таралып, қолжетімділігі артты. Құмар ойындардың алуан түрлері бар, олардың кейбірі ұлттық дәстүрлерге, мәдениетке байланысты болса, басқалары жаһандық сипатқа ие. Бүгінгі таңда кең таралған құмар ойындар қатарында рулетка, покер, блэкджек, баккара, ойын автоматтары бар. Бұлар кездейсоқтыққа негізделген және жоғары тәуелділік тудыратын ойындардың үлгісі ретінде танымал. Бүгінде спорттық бәс тігуді ғаламтор арқылы кез келген жерде жасауға болады. Соңғы уақытта онлайн құмар ойындары да кең танымалдыққа ие болды. Сала соңғы онжылдықта ерекше қарқын алды. Мобильді қосымшалар, веб-сайттар арқылы адамдар кез келген уақытта, кез келген жерде бәс тігуге немесе ойын автоматтарын ойнауға мүмкіндік алады. Бұл қолжетімділік, бір жағынан, бизнеске табыс әкелсе, екінші жағынан, тәуелділік қаупін күрт арттырады. Құмар ойындардың қауіптілігі олардың адам санасына тигізер әсерінен басталады. Құмар ойын психологиялық тұрғыдан адам миында қуаныш, серпіліс, адреналин бөлу сезімін туғызады. Адам ұтқан кезде ми дофамин гормонын белсенді бөліп, рақаттану сезімін тудырады. Бұл сезім адамды қайта-қайта сол күйге оралтуға итермелейді. Ұтылған сәтте адам ашу-ыза, өкініш, күйзеліс сезінеді, ал оны жеңу үшін қайта бәс тігіп, ұтқандағы ләззатты қайта сезінгісі келеді. Осылайша, құмар ойындар бірте-бірте адамды тұйық шеңберге қамап, оны тәуелділікке әкеледі.
Лудомания – құмар ойындарға патологиялық тәуелділік дегенді білдіреді. Бұл тек психологиялық проблема емес, жеке адамның әлеуметтік өміріне, қарым-қатынастарына, кәсіби қызметіне теріс әсер ететін ауыр дерт. Лудоманияға шалдыққан адам қаржылық тұрақсыздыққа ұшырайды. Отбасы мен жақындарынан алшақтайды. Психологиялық ауытқуларға (депрессия, стресс, үрей) тап болады. Заңға қайшы әрекеттерге баруы мүмкін. Құмар ойындардың зияны жеке тұлғамен шектелмейді. Олар тұтастай қоғамға әсер етеді. Тарқатсақ, құмар ойындарға тәуелді адам отбасылық жауапкершіліктен қашып, материалдық ресурстарды құмар ойындарға жұмсауы мүмкін. Нәтижесінде балалар мен зайыбына қажетті көңіл бөлінбей, отбасының ынтымағы бұзылады. Қаржы тапшы болған жағдайда, адам қарызға батады, ал оны өтей алмай қалса, заңсыз әрекеттерге баруы ықтимал. Бұл қоғамдағы қылмыс деңгейін көтереді. Құмар ойынға тәуелді адам жұмыстан шығып қалуы немесе еңбекке деген қабілеттілігін, ынтасын жоғалтуы мүмкін. Нәтижесінде жұмыссыздық, кедейшілік көбейеді. Тәуелділіктің әсерінен адам психологиялық және физиологиялық тұрғыдан әлсірейді. Ұйқысыздық, асқынған стресс, жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты физикалық дерттер туындауы ықтимал. Құмар ойын индустриясы кейбір мемлекеттерде айтарлықтай табыс көзі болғанымен, оның теріс салдары да аз емес. Экономикалық тұрғыдан қарағанда құмар ойынға тәуелді адамдар табысын ұдайы жоғалтып, өз отбасын материалдық дағдарысқа ұшыратады. Бұл ақша нақты экономикалық айналымға өнімді пайдаланылмай, жұтылып кетеді. Мемлекетке құмар ойындардың салдарынан туындаған қылмыспен күресу, тәуелділікті емдеу, оңалту орталықтарын ашу, қоғамдық ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру секілді қосымша шығындар жүктеледі. Құмар ойындар кейде жергілікті шағын және орта бизнеске кері әсер етеді. Адамдар ақшаларын ойынханаларда жаратып, нақты тауарлар мен қызметтерді сатып алмай, экономиканың басқа секторларын қолдауды тоқтатады.
Құмар ойындарға тәуелділіктен арылу оңай емес. Бұл ұзақ уақытты, кәсіби көмек пен жақындардың қолдауын талап етеді. Емдеу-оңалту процесі бірнеше бағытты қамтиды. Психологтар, психотерапевттер лудоманияға шалдыққан адамға оның мінез-құлқын талдап, сана-сезімін қалпына келтіруге көмектеседі. Психотерапияның когнитивті-мінез-құлықтық әдістері құмар ойындарға деген тұрақты әдетті өзгертуге бағытталады. Кейбір жағдайларда дәрігерлер тәуелділіктің биологиялық механизмдерін жеңілдетуге көмектесетін медикаментоздық ем тағайындай алады. Құмар ойынға тәуелді адамдар үшін арнайы орталықтар ашылып, онда олар әлеуметтік қолдау, топтық терапия, еңбекпен терапия, өзін-өзі дамыту бағдарламалары арқылы сауыға алады. Отбасы мүшелері мен жақындары емделу үдерісіне белсенді қатысып, түсіністікпен қарап, эмоционалдық қолдау көрсетсе, тәуелділікті жеңу мүмкіндігі артады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ақпараттық технологиялардың тез дамуы балалар мен жасөспірімдерге құмар ойындарға қолжетімділікті жеңілдетіп отыр. Жас буынның психикасы әлі толық қалыптаспағандықтан, олар құмар ойындардың «тұзағына» тез түсіп қалуы мүмкін. Осыған байланысты алдын алу шаралары аса маңызды. Ол үшін мектеп пен колледж бағдарламаларына қаржылық сауаттылық, жауапты тұтыну мәдениеті, құмар ойындардың зиянды салдары жөнінде арнайы тақырыптар енгізілуі тиіс. Оқушыларға жас кезінен бастап ақшаның құндылығы, тәуекелдің салдары туралы түсінік беру маңызды. Балаларының интернеттегі іс-әрекетін қадағалау, күмәнді сайттарға кіруіне тосқауыл қою, ақшаға қатысты тәрбиені дұрыс жолға қою – ата-аналар тарапынан орындалуы тиіс шаралар. Онлайн-құмар ойын сайттарына кіруді жас мөлшеріне байланысты шектеу, жасанды интеллект арқылы тәуелділік белгілерін анықтайтын фильтрлер орнату сияқты технологиялық амалдар қажет. Медиа, әлеуметтік желілер, қоғамдық бірлестіктер арқылы жастар арасында құмар ойындардың зияндығы туралы насихат жүргізу, арнайы бейнероликтер, фильмдер, подкасттар тарату тиімділік береді.
Осы орайда, Сайрам аудандық прокуратурасының бастамасымен Далабазар жалпы білім беретін мектебінің 9,10,11-сынып оқушыларымен кездесу өтті. Кездесуге Сайрам ауданы прокурорының орынбасары Шотыков Мерлан Аятбекович, Сайрам АПБ ЖПҚБ ЮПТ инспекторы, полиция майоры С.Турдикулов, Сайрам аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Г.Нұртанова, мектеп директоры А.Кусайнова, ата-аналар комитеті төрағасы А.Раимшихов және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары И.Ахмедов, педагог-психологтар М.Халманов, Г.Бекниязова, Б.Абдикаримова, әлеуметтік педагог А.Абдрашидов, мектеп медбикесі Д.Имамбекова, сынып жетекшілер, жоғарғы сынып оқушылары қатысты. Сайрам ауданы прокурорының орынбасары Шотыков Мерлан Аятбекович кәмелетке толмағандар және оларға қарсы жасалған құқықбұзушылықтар бойынша көзделген жауапкершіліктер, құмар ойындар мен есірткі заттарының, синтетикалық есірткінің зияны, психотроптық заттарды қолданудың кері әсері, оның салдары мен зардаптары туралы ескертіп, баяндама оқыды. Кездесу ашық сұхбат форматында өткізілді. Онда Өзін-өзі басқару ұйымының президенті Л.Гавхарбекова, 10-сынып оқушысы С.Абдрашидов, 11-сынып оқушылары Н.Комилжанова, С.Иззаттулаевалар жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық , буллинг-кибербуллинг, жастар арасындағы кеңінен өріс алған құмар ойындары мен компьютерлік ойын-сауық туралы өздерінің сұрақтарын қойды. Жиналыс аяқталған соң психологтың бөлмесінде тиісті мамандар қатысуымен ерте жүктілік, құқықбұзушылықтың алдын алу, балаларға қай салада болсын көмек беру туралы пікір алмасу кеңесі жүргізілді. Мамандардың сөзінше, құмар ойындардың таралуының бір себебі – рухани құндылықтардың әлсіреуі, отбасы институтының беделінің төмендеуі, материалдық мүдделердің алға шығуы. Егер қоғамда дәстүрлі құндылықтар, адамгершілік нормалар, әділдік пен сенім қағидаттары берік қалыптасса, адамдар құмар ойын секілді зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстай алады. Оның алдын алу үшін ата-ана балаға тек қаржы құралдарының маңызын түсіндіріп қана қоймай, жалпы өмірдің мәнін, еңбектің қадірін, адалдық пен жауапкершілікті үйретуі керек. Отбасылық тәрбие мықты болса, жас буын кез келген әуесқой, зиянды әдеттерден аулақ болуға бейім келеді. Достар, әріптестер, көршілер арасындағы қарым-қатынастар, әлеуметтік қолдау жүйелері адамды дұрыс жолда ұстауға көмектесуі керек. Құмар ойындарға бейім адамды айналасындағы жандар дұрыс бағытқа бағыттап, кеңес беріп, қолдап отыруы маңызды. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрлер, рухани-діни құндылықтар адамдарға өмірдің мәнін тереңірек түсінуге көмектеседі. Діни ілімдерде құмар ойындардың зияндылығы жиі айтылып, адамдарды артық әуестікке салынбауға үндейді.
Мәдениет пен ақпарат құралдары – қоғамдық сананы қалыптастыратын негізгі күштер. Олар құмар ойындарға қатысты қоғамдық пікірді де айқындайды. Егер кино, әдебиет, БАҚ құмар ойындарды романтикаға толы, жеңіл табыс көзі ретінде дәріптесе, адамдардың оған қызығушылығы артады. Ал егер керісінше, оның зияны, адамның тағдырын қалай талқандауы мүмкіндігі көркем шығармаларда, деректі фильмдерде, бағдарламаларда айтылса, қоғамның құмар ойындарға деген сыни көзқарасы күшейеді. Сондықтан журналистер құмар ойындар индустриясын зерттеп, оның салдарын ашық жазып, статистика мен нақты деректерді жариялап, халықтың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Театр қойылымдары, сурет көрмелері, әңгімелер мен повестер, поэзия – осылар арқылы жазушылар, суретшілер, режиссерлер құмар ойындардың адамның жан дүниесін, өмірін қалай өзгертетінін шебер көрсетіп, көрерменге ой салуы мүмкін. Қазіргі таңда жастар ақпаратты көбінесе әлеуметтік желілерден алады. Осы платформаларда құмар ойындардың зияны жөнінде бейнебаяндар, блог жазбалары, пікірталастар жүргізу, арнайы челлендждер ұйымдастыру арқылы құмар ойын мәдениетін өзгертуге мүмкіндік бар. Әлемде құмар ойындарға қарсы әртүрлі деңгейдегі саясаттар мен тәжірибелер қолданылады. Мысалы, кейбір елдерде құмар ойындарға толық тыйым салынса, басқаларында заңдастырылып, қатаң реттеледі. Көптеген Еуропа елдері құмар ойындар индустриясын лицензиялау арқылы мемлекеттік қазынаны толтырып, сонымен қатар әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға мүмкіндік табады. Алайда, әлеуметтік зиянды азайту үшін қатаң бақылау мен мониторинг жүйелері енгізіледі. Мұндай тәжірибелерден сабақ алу, озық әдістерді үлгі ету арқылы басқа мемлекеттер де өз саясаттарын жетілдіре алады.
Құмар ойындарға бейімділік тек кездейсоқ пайда болатын құбылыс емес. Оның артында психологиялық, әлеуметтік, экономикалық себептер жатыр. Ашып айтсақ, қаржылық қиындықтар, жұмыссыздық, отбасылық кикілжіңдер, жалғыздық, депрессия сияқты факторлар адамды құмар ойындар арқылы проблемалардан уақытша қашуға итермелейді. Адамдар жылдам және оңай баюды қалайды. Құмар ойындар бұл иллюзияны ұсынып, тез ақшалы болудың жалған үмітін береді. Құмар ойындардың ықтималдығы, жеңіс мүмкіндігі туралы ақпараттың жетіспеуі немесе қате түсініктер, қаржылық сауаттың төмендігі адамдарды жиі ұтылуға алып келеді. Достары, әріптестері немесе жақын адамдары құмар ойындарға үйір болса, адам да соған еліктеп, сол ортаға бейімделеді. Құмар ойындарға қарсы күрес тек заңдар қабылдаумен шектелмейді. Бұл күрес кешенді болуы тиіс. Яғни жаппай ағартушылық, халыққа құмар ойындардың зияны туралы мәлімет беру, статистикалық деректерді жариялау маңызды. Мектептер, колледждер мен университеттерде қаржылық сауаттылық бағдарламаларын енгізу, ата-аналарға арналған семинарлар өткізу тиімділігін көрсетті. Жұмыс орындарын ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету арқылы адамдар құмар ойынға қажеттілік сезінбейді. Интернет пен мобильді технологиялардың дамуы құмар ойындардың жаңа формаларын қалыптастырды. Қазір адам смартфон арқылы кез келген уақытта ойын сайттарына кіріп, ақша тіге алады. Бұл технологиялық прогресс бір жағынан инновация, екінші жағынан тәуелділік тәуекелін арттырады. Мұндай жағдайда мемлекеттер интернеттегі құмар ойындарды бақылау, заңсыз сайттарды бұғаттау, ойыншының жасы мен тұлғасын растауды талап етуі тиіс. Жаңа технологиялар арқылы ойыншылардың мінез-құлқын талдап, тәуелділік белгілері байқалғанда алдын алу шараларын автоматты түрде ұсынуға болады. Онлайн ойын порталдары жеңіс ықтималдығын анық көрсетіп, алдауға мүмкіндік бермейтін ашықтық принциптерін ұстануы керек. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде кешенді шаралардың қолға алынғанына біраз уақыт болды.
Құмар ойындардың тамыры адамзаттың әлсіз тұстарынан, әсіресе ашкөздік пен жалқаулықтан бастау алады. Адамдар байлыққа оңай қол жеткізуді, сәттілікті қолдануды армандаған кезде құмар ойындар оларға жалған үміт сыйлайды. Қоғамда еңбек, адалдық, әділдік, ынтымақтастық құндылықтары жоғары бағаланса, адам құмар ойынның уақытша рақатына емес, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа бет бұрады. Осы тұрғыдан алғанда, құмар ойындарға қарсы тұру тек заңнамалық шаралармен емес, адамгершілік, этикалық нормаларды насихаттау арқылы да жүзеге асуы тиіс. Құмар ойындарға қарсы күресте тек мемлекет пен заң шығарушы органдар ғана емес, бүкіл қоғам белсенділік танытуы қажет. Үкімет, коммерциялық емес ұйымдар, бизнес, білім беру мекемелері, денсаулық сақтау секторы, құқық қорғау органдары және қарапайым азаматтар бірлесіп әрекет еткенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Мәселен, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қорлар құмар ойынға байланысты ағартушылық бағдарламалар, тренингтер, семинарлар ұйымдастыра алады. Ақпарат құралдары құмар ойын индустриясының жабық қырларын ашып, жауапты журналистиканың қағидаларын ұстана отырып, халықты үнемі хабардар ететін болса, қоғамда сыни ойлау қалыптасады. Ғалымдар құмар ойындарға тәуелділіктің пайда болуы мен таралу механизмдерін зерттеп, емдеу мен алдын алудың тиімді әдістерін ұсына алады. Құмар ойындарға қатысты проблемалар бір күнде шешілмейді. Бұл ұзақ мерзімді міндет, үнемі назарда ұстап, жаңа жағдайларға қарай бейімделуді талап етеді. Құмар ойын бизнесі де уақыт өте өзгеріп, жаңа айла-тәсілдер қолданады. Сол себепті заңнаманы, алдын алу шараларын, ағартушылық жұмыстарды үнемі жетілдіріп отыру қажет.
Құмар ойыннан келер қауіп көп екені анық. Бұл әлеуметтік, экономикалық, психологиялық тұрғыдан ауыр зардаптар әкеледі. Қоғамның әл-ауқаты, ұлттық бірегейлік, отбасы институты, адами құндылықтар – барлығы құмар ойындардың ықпалынан зардап шегуі мүмкін. Жаңарған әлемде құмар ойын бизнесі де түрленіп, адам санасын тұзаққа түсірудің түрлі амалдарын тауып жатыр. Сондықтан бұл мәселеге салғырт қарауға болмайды. Алдын алу, емдеу, ағартушылық және заңнамалық шараларды кешенді түрде жүргізу – құмар ойындардың зиянды салдарын азайтудың жалғыз жолы. Мемлекеттер құмар ойындар индустриясын бақылауда ұстап, жауапты саясат жүргізуі керек. Жеке адамдар өз әрекетіне жауапкершілікпен қарап, қаржылық сауаттылығын арттыруы қажет. Отбасылар балаларын еңбекқорлыққа, адалдыққа баулып, оларға құмар ойындардың алдамшы әлемін көрсетуі тиіс. Мәдениет, өнер және бұқаралық ақпарат құралдары да адамның ішкі рухани әлемін байытатын дүниелерді насихаттап, құмар ойындардың жалған ләззат сыйлайтын, бірақ түбінде тұңғиыққа тартып әкететін қатер екенін ашып көрсін. Егер біз осы шаралардың барлығын бірлесіп жүзеге асыра алсақ, құмар ойындардың кері әсерін төмендетіп, қоғамымызды салауатты, тұрақты, моральдық тұрғыдан таза бағытқа жетелей аламыз. Құмар ойындарға қарсы күрес – бұл тек заңның талаптары емес, рухани жауапкершілік. Адамзаттың дамуы мен адамгершіліктің өсуі үшін құмар ойын секілді зиянды әдеттерге тоқтау салып, өмірлік құндылықтарды биікке қоя білгеніміз жөн.