ЖАСТАРДЫ АҚПАРАТТАНДЫРУ ЖАЙСЫЗ ЖАЙТТАРДАН ҚОРҒАЙДЫ

Оқушылар арасындағы лудомания бүгінгі күннің өзекті әлеуметтік проблемаларының бірі ретінде қарастырылуда. Ақпараттық технологиялар дәуірінде балалар мен жасөспірімдерге интернеттің қолжетімділігі артқан сайын, құмар ойындардың сан түрлі нұсқалары да оқушылар арасында таралуда. Бұл үрдіс тек дәстүрлі казинолар мен ойын автоматтарымен шектелмей, онлайн платформаларда да молынан көрініс табуда. Мәселен, виртуалды ойын сайттары, спорттық бәс тігулер, лотереялар мен киберспорттық турнирлер – осының бәрі жасөспірімдер үшін қызықты әрі тәуекелшіл әрекет көзіне айналуда. Сондықтан онымен күрес шаралары елімізде қарқын алып отыр.

Осы орайда, жуырда Түркістан қаласыдағы Сабыр Рахимов атындағы жалпы білім беретін мектебінде “Жастар арасындағы интернет алаяқтық және құқықбұзушылық, қаржы пирамидасының, лудоманияның алдын алу”, “Тұрмыстық зорлық-зомбылық — қоғам дерті” тақырыптары бойынша ақпараттық-насихаттық топтың кездесуі өтті. Іс-шараға мектеп оқушылары қатысты. Оларға қоғамдағы тәртіптің жай-күйі бойынша бейнероликтер көрсетіліп, мәліметтер берілді. Жиналысқа Ішкі саясат бөлімі “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің инспектор маманы Салтанат Ержанқызы, Түркістан ҚПБ ЖПҚ ЮПТ УПИ полиция аға лейтетанты Абдукаримов Айбек Абдуқалықұлы, Түркістан ҚПБ ЖПҚ ЮПТ УПИ аға полиция майоры Жаңбыршы Ақжал Тәуекелұлы, мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Аширбеков Азизбек Исматуллаевич қатысты. Сала мамандарының сөзінше, лудомания – бұл құмар ойындарға патологиялық тәуелділік, яғни адам миында ойындардан алынатын жылдам әрі жеңіл “ләззаттың” әсеріне бой үйретіп, оны қайталауға мейлінше ұмтылатын психологиялық күй. Ересектердің өзі мұндай психикалық тәуелділіктен арылуға қиналады, ал оқушылар үшін бұл тіпті күрделі құбылыс. Оның басты себебі – жасөспірімдердің эмоционалдық тұрақсыздығы, өзін-өзі реттеу дағдыларының әлі қалыптасып үлгермеуі, өз ортасында бедел жинауға деген ұмтылыс, ойын барысында жылдам табысқа жету иллюзиясына сену, сондай-ақ интернеттегі шексіз мүмкіндік пен бақылаудың әлсіздігі. Лудомания құбылысы бұрын тек арнайы ойын мекемелерінен бастау алса, қазір жаппай цифрлану жағдайында үйде отырып-ақ түрлі құмар ойындарға қосылу мүмкіндігі туындап отыр. Ұялы телефондар мен компьютерлердің әр үйде болуы, әлеуметтік желілердегі жарнамалар, киберспорттың беделінің артуы – осының бәрі оқушыларға құмар ойындарға бой үйретуге ықпал етуде. Кейбір оқушылар бәс тігуді тек ақша табу тәсілі емес, жаңаша эмоциялар алу, достарымен бәсекелесу, стрестен арылу құралы ретінде қабылдайды.
Оқушылардың құмар ойындарға үйір болуы олардың психологиялық, әлеуметтік және денсаулық салаларына кері әсер етеді. Тәуелділікке шалдыққан оқушыда мазасыздық, ашушаңдық, көңіл-күйдің тұрақсыздығы байқалады. Өзінің эмоциясын басқара алмау, жеңіске жеткен сәттерде жоғары эйфорияға түссе, ұтылған кезде терең күйзеліс, үрей сезімі басым болады. Құмар ойындарға берілген оқушы оқу үлгерімін төмендетеді, сабаққа деген қызығушылығы азаяды, достарымен, жақындарымен қарым-қатынасы бұзылады. Жоқ жерден қарызға бату, отбасының қаржылық ауыртпалығын арттыру, сыныптастар арасында түсінбестік туғызу сынды проблемалар да пайда болады. Экран алдында ұзақ отыру, ұйқы режимінің бұзылуы, психикалық жүктеме – мұның бәрі жас организмнің дұрыс дамуына кері ықпал етеді. Ұйқысыздық, бас ауруы, көру қабілетінің нашарлауы сияқты мәселелер ушығып кетуі мүмкін. Лудоманияға қарсы күрес жүйелі әрі кешенді болуы тиіс. Бұл жерде ата-ана, мектеп, мемлекет және қоғамның рөлі айрықша маңызға ие. Ата-аналар балаларының интернеттегі белсенділігін бақылап, ойын контентін шектеуге тиіс. Балаға цифрлық сауаттылықты үйрету, қолма-қол ақшаны дұрыс басқаруға бағыттау, отбасылық құндылықтарды нығайту – лудоманияның алдын алу жолындағы маңызды қадамдар. Педагогикалық ұжым психологиялық қызметтің көмегімен оқушылардың мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде аңғарып, ерте араласуы қажет. Мектеп психологтары ақпараттық семинарлар, тренингтер, әңгімелер ұйымдастырып, оқушыларға құмар ойындардың зиянын түсіндіруі тиіс. Лудоманиямен күрес үшін интернеттегі құмар ойындарға қолжетімділікті шектеу, заңнама арқылы жас ерекшелігіне қарай кіруді бақылау, жарнамалық материалдарды қатаң түрде реттеу, провайдерлермен және әлеуметтік желілермен ынтымақтаса отырып, зиянды ойын платформаларын бұғаттау тәрізді шаралар қабылдануы керек. Үкіметтік емес ұйымдар, жастар орталықтары, еріктілер топтары лудомания мәселесі бойынша ақпараттандыру науқандарын өткізіп, психологиялық көмек көрсету орталықтарын ашып, тәуелділікке шалдыққандарды қолдауға бағытталған бағдарламалар әзірлеуі қажет. Ақпараттық қоғамда оқушыларды медиасауаттылыққа баулу – лудоманияның алдын алудағы басты құралдардың бірі. Олар ойындардың артындағы маркетингтік айла-әрекетті, виртуалды құндылық пен нақты өмірдің айырмашылығын, жылдам табыс иллюзиясының алдамшы екенін түсінуі қажет. Медиа мәдениетті дамыту арқылы оқушылардың сыни ойлау қабілеті жетіліп, кез-келген ақпаратқа байыппен қарап, оның салдарын бағамдай алатын тұлға қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Оқушылар арасындағы лудомания – тек жеке адамдардың мәселесі емес, ол тұтастай қоғамның болашағына әсер ететін күрделі әлеуметтік құбылыс. Мұндай тәуелділіктің алдын алу үшін отбасы мен мектептің ынтымақтастығы, мемлекеттік деңгейдегі заңнамалық және бақылаушылық қадамдар, жастар ұйымдары мен ақпараттық кеңістіктің сауатты реттелуі қажет. Егер барлық салалар күш біріктіріп, оқушыларға сенімді ақпараттық орта, сапалы тәрбие, жағымды әдеттер мен қызығушылықтар ұсына білсе, лудомания проблемасын тежеу және жою мүмкіндігі мол.