ҚОҒАМДЫҚ КЕСЕЛМЕН КҮРЕС – БАРШАМЫЗҒА МІНДЕТ
Қазіргі жаһандану дәуірінде адамзат өмірінің барлық салалары қарқынды өзгерістерге ұшырап, өркениеттің озық жетістіктері тұрмыста орныға түсті. Әлеуметтік желілер, заманауи технологиялар, жылдам ақпарат алмасу жүйелері күнделікті тіршілікті оңтайландырғанымен, кейбір келеңсіз әлеуметтік құбылыстарды да қатар алып келді. Солардың бірі – лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік дерті. Бүгінде бұл мәселе қоғам үшін аса қауіпті әрі күрделі болып отыр. Сондықтан онымен күрес шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Осы орайда, жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңа толқын» жобасы аясында «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов модераторлық етті. Басқарма басшысының орынбасары өз сөзінде Қазақстан Халқы Ассамблеясы тек этносаралық байланысты нығайтып қана қоймай, жастардың болашағына да назар салып, олардың қоғамдағы белсенділігін жоғарылату бағытында да келелі істер атқарып келе жатқанын атап өтті. Бұл орайда, Ассамблея қанатының астында игілікті істер атқарып жүрген «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі өңір жастарын бір арнаға тоғыстырып, мазмұнды шаралар мен сапалы қызметтер көрсетіп келеді. Осы орайда, жиында күн тәртібіне сәйкес, 4 мәселе талқыланды. Атап айтқанда, “Салауатты сана жобасы”, “Жастардың тұлға болып қалыптасуына қоғамның берер мүмкіндігі”, “Мемлекеттік қызметтің принциптері мен ерекшеліктері” және “Жастарды адалдыққа, имандылыққа, отансүйгіштікке баулу” тақырыптары бойынша қатысушылар ой бөлісті. Жиынға ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың «Менеджмент және туризм» кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Алмас Құралбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Нұрлан Амандық, Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры Медет Халықов, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева қатысты. Сонымен қатар жиында «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы мен этнос жастары, облыстық жастар ресурстық орталығының, орта білім беру мекемелерінің жоғарғы сынып оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледждердегі студент жастар болды.
Алқалы басқосуда сөз алған ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан қолдаулар мен 5 әлеуметтік кеселге қарсы күрес жұмыстарына тоқталды, бұл ретте Ассамблея жастары бірлік сабақтастығын жалғастырушы екенін баса атап өтті. Гүлсара Төлебекқызының айтуынша, елімізде саны 400 мыңға жуық адам құмар ойындарының құрығына түскен. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп ойнайды. Еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені де — құмар ойынға шалдыққандар. “Президентіміз атап өткендей, қоғамдық кеселдерді түбірінен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамай, оған барлығы атсалысуы керек. Қазақстандағы тұрақтылық пен татулық қоғамдағы ынтымақ пен теңдіктен, өзара сенім мен құрметтен бастау алады. Халқымызда «Бүгінгі жас — ертеңгі ел ағасы», «Ақыл -жастан, асыл — тастан» деген нақыл сөздер бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ел жастарына ерекше үмітпен қарап отырғанына назар аударды. Бүгінде мемлекет жастарды қолдау бойынша бірнеше бағдарламаны жүзеге асыруда: «Жастар — ел тірегі» арнайы жобасы, кәсіпкерлік идеяларды дамытуға бағытталған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы — сол мақсаттың айқын көрінісі. Алдағы уақытта да жастар стартаптарын қолдайтын, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге байланысты ауқымды бағдарламалар қолға алынбақ” деді Гүлсара Төлебекқызы. Жиын барысында қатысушылар ҚХА-ның «Жаңа толқын» жобасы аясында ой-пікірлерін ортаға салып, өзара пікір алмасты.
Жалпы лудомания – қарапайым ойын-сауықтан басталып, психологиялық тәуелділікке ұласатын қауіпті құбылыс. Мұнда адам ойын барысында пайда болатын эйфория, жылдам табысқа жету үміті, қызық қуалау секілді сезімдерге бой алдырып, ақырында сол ойындардан бас тарта алмайтындай халге жетеді. Осылайша, алғашқыда уақытша ермек, жай ғана көңіл көтеру деп қабылданған ойындар уақыт өте келе адамның санасын тұмшалап, оның жеке өміріне, отбасына, қоғамдағы орнына және рухани болмысына елеулі нұқсан келтіреді. Лудоманияның салдары көп қырлы және терең. Ең алдымен, бұл дертке шалдыққан адамның психологиялық күйзелісін атап өткен жөн. Құмар ойындар қас-қағым сәтте шешімін табатындай көрінетін қаржылық мәселені жеңіл жолмен шешуге жол ашатындай әсер береді. Бірақ бұл – жалған үміт. Ұтылған сайын адам өзінің қателігін түзеудің орнына, оны тереңдетіп, қарызға белшесінен батады. Нәтижесінде күйзеліс, мазасыздық, ашушаңдық, ұйқысыздық, өзін-өзі кінәлау сияқты психологиялық ауытқулар пайда болады. Тіпті мұндай ахуал суицидтік ойларға дейін апаруы мүмкін.
Лудоманияның отбасылық қарым-қатынасқа тигізетін зардабы да зор. Құмар ойынға берілген адам отбасының бюджетін ойланбай шашып, қаражатты мұқтаждық пен қажеттілікке емес, сәтсіз ставкаларға жұмсайды. Бұл әрекет жанұя мүшелерінің сенімін жойып, ұрыс-керіс тудырып, шаңырақты шайқалтуы ықтимал. Отбасындағы моральдық-психологиялық ахуалдың ушығуы балалардың тәрбиесіне де кері әсер етеді. Олар әкенің немесе ананың құмарлыққа салынып, құндылықтарды аяқ асты етуін көріп, дұрыс тәрбиеден қағылады. Осылайша, лудомания – тек бір адамның емес, тұтас отбасының мәселесі. Әлеуметтік тұрғыдан қарасақ, лудомания тұтас қоғамға да зиян. Құмар ойындармен әуестенген азаматтар өндіруші емес, тұтынушы сипатқа көшіп, экономикалық өнімділікті төмендетеді. Еңбек нарығында белсенділік азайып, еңбекке деген ынта бәсеңдейді. Сонымен қатар, ойынға салынған адамдардың көпшілігі қарызға батып, түрлі заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін. Бұл – ұрлық, алаяқтық, тіпті қылмыстық істердің өршуіне алып келетін фактор. Осылайша, лудомания құқықтық тәртіпті бұзып, қоғамның өркениетті дамуына кедергі келтіреді.
Лудоманияның таралуына ықпал етуші факторлар сан алуан. Ақпараттық кеңістіктегі жарнамалардың көбейіп, құмар ойындарға оңай қолжетімділік орнауы – негізгі себептердің бірі. Интернет-заманында онлайн казинолар, букмекерлік кеңселер, виртуалды ойын алаңдары кез келген жерден қосылуға мүмкіндік беріп, адамды азғырады. Жарқ-жұрқ еткен жарнамалар, оңай ақша табудың жалған уәдесі, ұтқан кездегі шабытты сәттің бейнелері – мұның бәрі адам санасына әсер ететін маркетингтік айла-тәсілдер. Ойын индустриясының мұндай агрессивті жарнамасы лудоманияның кең етек жаюына ықпал етіп, әсіресе жастар мен жасөспірімдердің санасын улайды. Лудоманияның алдын алу және оның салдарын азайту – көп деңгейлі әрекетті талап ететін мәселе. Ең алдымен, отбасыда дұрыс тәрбие беру, жасөспірімдерді ақпараттық сауаттылыққа үйрету маңызды. Ата-ана баласының интернетте не қарап жүргенін, қандай ойындарға қызығатынын бақылап, оның санасына ақшаның құндылығы, еңбектің маңыздылығы туралы түсінік қалыптастыруы керек. Отбасында жылы қарым-қатынас, сенім мен сыйластық орнаса, бала жалған үміт пен жасанды ләззаттан аулақ жүреді. Мектеп пен жоғары оқу орындарында психологиялық қызметті жетілдіру, ақпараттық-танымдық дәрістер, семинарлар жүргізу, оқушылар мен студенттерді құмар ойындардың зияны туралы хабардар ету қажет. Білім ошақтары тек пәндік білім берумен шектелмей, жас ұрпақты әлеуметтік-эмоционалдық тұрақтылыққа, шешім қабылдаудағы жауапкершілікке, сыни ойлауға баулығаны жөн.
Мемлекет тарапынан заңнамалық тұрғыда құмар ойын бизнесін қатаң бақылау, жарнаманы шектеу, жас ерекшелігіне сай кіруге тыйым салу, ойын мекемелерінің қызметін лицензиялау тәрізді шаралар қолға алынғаны жөн. Бұл бағыттағы шаралар елімізде жүзеге асты. Іс-шаралар жоспары түзіліп, соған сай жұмыс атқарылып жатыр. Интернет провайдерлері мен әлеуметтік желілер әкімшілігімен ынтымақтаса отырып, зиянды контентті бұғаттау, мониторинг жүргізу – лудоманияның таралуын тежеудің бір жолы. Сонымен қатар, психологтар, тәуелділікті емдеу орталықтары, қоңырау шалу желілері арқылы тәуелді жандарға білікті көмек ұсыну да өзекті. Қоғамдық ұйымдардың, еріктілердің, дін өкілдерінің құмар ойындарға қарсы ағартушылық жұмысы да лудоманиямен күресте айрықша орын алады. Дәстүрлі құндылықтарды насихаттау, руханиятқа, имандылыққа, еңбексүйгіштікке баулу – мұның бәрі адам санасында дұрыс бағдар қалыптастырады. Көптеген діндер құмар ойындарды харам немесе күнә ретінде қарастырады, бұл да адамдарды ойландыруға себеп. Мәдениетімізде маңдай термен табылған нанның, еңбектің, адалдық пен әділеттіліктің орнын құмар ойын алмастыра алмайды. Осы құндылықтарды жаңғырту арқылы біз лудоманияның ықпалын әлсірете аламыз.
Қорытындылай келе, лудомания – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның қасіреті. Ол адам психологиясын бұзып, отбасылық жарасымдылықты шайқалтып, экономикалық тұрақтылықты әлсіретіп, рухани құндылықтарға зардабын тигізеді. Бұл дертке айналған құбылыспен күресу үшін әрбір деңгейде – отбасынан бастап мемлекетке дейін – жүйелі іс-қимыл қажет. Егер біз жастарымызға дұрыс бағыт-бағдар беріп, қоғам мүшелерінің ақпараттық, қаржылық сауаттылығын арттырып, құмар ойын индустриясына қатаң бақылау орната алсақ, лудоманияның етек жаюын тоқтатуға мүмкіндік бар. Лудоманияны қоғамнан аластау – біздің бүгінгі әрі болашақ алдындағы борышымыз.