ЕЛДІККЕ БАСТАҒАН МЕРЕКЕ

«Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Республика күні – нағыз қазақтың кеудесі қуанышқа толы болатын, халықтың думандатып тойлайтын, мерекелік көңіл-күй орнайтын, сыйлайтын айтулы күн.
Республика күні – елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Республика сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына береді. Еліміздің тәуелсіздігі шын мәнінде осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді ұлттық мереке ретінде бекіту — мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан алғанда маңызды қадам.
Елім деп еңіреп, жұртым деп жамырап, жан қиған қазағымыз ежелден еркіндік аңсаған. Сондықтан қазірге дейін Қазақстан көптеген қиындық жолдардан өтті деуге болады, себебі өзінің егемендігін, тәуелсіздігін жариялау үшін қаншама қаракөз апаларымыз, боздақ бозбала ағаларымыз кеудесін оққа тосты, жан кешті. Осы уақыттан кейін Қазақстан әлемде жеке дара дербес ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз, зайырлы елге айналды.
Республика күнінің тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын. Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы декларацияның арқасында ҚазКСР өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Ал президент елдің басшысына айналды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «ұлттық мереке» болып жарияланды. Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды.
Осылайша он жылдан астам уақыт бойы 25 қазан – Республика күні тойланған жоқ.
2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған «ұлттық мереке» мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Мемлекет басшысының бастамасы халықтың қолдауына ие болып, дәл сол жылы заңға тиісті өзгеріс енгізілді. Сөйтіп былтыр Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет дүркіретіп атап өтті.
Қайта оралған мереке — бүгінгі күн барша қазақ елі үшін қуанышты жайт. Дүниежүзі елдерімен достығымыз жарасқан, бірлігіміз біте қайнасқан. Құшағымыз қай кезде де айқара ашық, шекара сыртында шетел асып жүрген өз қандастарымызды да сыртқа теппей, бәрін де жылы қарсы аламыз. Қазақтың кең байтақ жері қандай кең болса, көңілі де дархан даланың кеңдігіндей! Өзге елдің озық тұсымыз да осы болып тұр. Бұрынғы тарихты парақтасақ, ұғатынымыз бен білетініміз әлі де көп-ақ. Әйтсе де өткен күн тарих болып қалары хақ. Тек соны жас ұрпақ санасына құя біліп, дәріптесек құба-құп!

Э.Д.Жамалова,
«№7 үйде қызметтер көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің бөлімше меңгерушісі.