«ЛУДОМАНИЯ» АТТЫ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

Лудомандар — құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Қазіргі кезде казино, түрлі ақшалай ойын автоматтарының таралуына байланысты құмар ойындар мәселесі өзекті мәселеге айналып тұр. Қоғамда оларға ешқандай шара қолдана алмайды. Себебі құмар ойындардың көбі заң жүзінде рәсімделген. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтарда ашылған. Мұны бірі білсе екіншісі білмейді. Сондықтан аталған әлеуметтік кеселмен күрес жүргізудің маңызы айрықша. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан облысында қолға алынған бастамалар аз емес. Әсіресе, соңғы жылдар ішінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстары қарқын алды. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты кеңірек тарқатпақпыз…

Мақтаарал ауданы Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасының «Қарой» шекара бөлімшесі бірлесе отырып, жастар арасында ойынқұмарлықтың, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Лудомания» атты тақырыпта семинар-тренинг жүргізді. Шараның мақсаты – жастар арасындағы құмар ойындарына тәуелділіктің алдын алу және шешу жолдарын қарастыру, сонымен қатар уақытты тиімді пайдалануға үйрету. Семинар-тренинг барысында жастар өз ойында жүрген сауалдарын сала мамандарына қойып, нақты жауаптарын алды. Сонымен қатар тақырып бойынша кең ақпаратқа ие болғандарын айтты. Жалпы мұндай шараларды жиі ұйымдастырудың маңызы айрықша. Өйткені қазіргі уақытта жастардың басым бөлігі құмар ойынның зияны мен зардаптарын біле бермейді. Сондықтан да тәуелділікке ұрынып жатады.
Айта кету керек, құмар ойындарға деген тәуелділік қазіргі қоғамда жиі кездесетін мәселеге айналуда. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер арасындағы лудомания туралы сөз болғанда, бұл ерекше алаңдаушылық тудырады. Құмар ойындарын ойнайтын мемлекеттік қызметкерлер тек жеке мәселелермен ғана емес, сонымен бірге олардың жұмысы мен қоғам алдындағы міндеттерімен де ауыр зардаптарға тап болады. 2022 жылы лудомандардың саны 350 мыңнан асты және бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде. Сол жылы прокуратура ойын мекемелерін тексерген кезде 300-ге жуық мемлекеттік қызметшілер анықталды, олар құмар ойындарға 500 млн теңгеден астам қаражат жұмсаған. Осы орайда, биылдан бастап елімізде заң талаптары қатаңдатылды. Бүгінде оның негізгі талаптары мемлекеттік қызметшілерге түсіндіріліп жатыр.