АТЫМТАЙ ЖОМАРТ АЗАМАТТАР АРАМЫЗДА ЖҮР

Қазақ – дархан пейілімен, аппақ көңілімен ерекшеленетін халық. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қасиет қанында бар. Десе де заман ағымына қарай мұндай игі істерді көп көре бермейтініміз анық. Әйтсе де бұл атымтай жомарт азаматтар аз дегенді білдірмейді. Бүгінде Шымкент қаласында көптеген игі істерге себепші болып отырған жандар аз емес. Солардың бірі – Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі – Абзал Зейнетаев. Мәслихат депутаты сынды жауапты міндетті абыроймен атқарып келе жатқан азаматтың атқарған игі ісі көп. Бүгінгі материалымызда сол жұмыстар турасында тарқата баяндамақпыз…

Өткен 2023 жылдың сәуірінде біз сөз етіп отырған қалалық мәслихаттың депутаты Абзал Зейнетаев қоғамдық қабылдау өткізеді. Міне, сонда қала тұрғыны Қуаныш Агбаев халық қалаулысынан көмек сұрап жүгінеді. Айтуынша, үйінің тозығы жеткен. Тіпті, адам тұруы мүмкін емес. Артынша мәслихат депутаты азаматтың өтініші негізінде бұл отбасыға табан тіреп, мәселемен жіті танысады. Айтса айтқандай-ақ, шатырынан су өтіп, қабырғасы құлауға шақ қалған баспана тұр. Мұны көрген азамат қол ұшын беретінін айтып, уәде етеді. Нәтижесінде көп өтпей-ақ үйдің шатыры ауыстырылып, қабырғалары қайта сыланады. Осылайша қала тұрғынының халық қалаулысының тікелей демеушілігі негізінде мәселесі шешіледі.
Бұл ғана емес, Абзал Зейнетаевтың арқасында қуанышқа бөленген тағы бір отбасы бар. Нақтырағы, саулығы сыр беріп, 6 жылдан бері төсек тартып жатқан Күнсұлу Ахметованың мәселесін де дәл осы азамат шешіп берген. Төсекке таңылған Күнсұлу Ахметова ұлы мен қызын жалғыз өзі тәрбиелеп келеді. Тоз-тозы шыққан ескі үйге айына елу мың теңге пәтерақы төлеп тұрады екен. Мемлекеттен алатын жәрдемақысы аз. Күнкөріске жетпейді. Сондықтан халық қалаулысы жеке баспанасы болса, жағдайлары түзелер деген оймен Шымкент қаласынан жылуы, суы, газы және басқа да төлемі жасалған екі бөлмелі пәтер сыйлайды. Яғни қажет қаражатты өзі шығарып, игі іске мұрындық болады. Міне сонда Күнсұлу апай «Мұндай да болады екен-ау» деп қуаныштың көз жасына ерік береді. Мұндай қуанышты сәтке куә болған жандар бұл туралы жазып, айтып та жатты. Әрине, біз сөз еткен игі істер – халық қалаулысы атқарып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана.
Қарап отырсақ, мандат алу бір бөлек, халықтың қалаулысы атану бір басқа. Бұл тұрғыдан келгенде, біз сөз етіп отырған азаматтың жөні бөлек, еңбегі ерек. Ендеше елдің назарындағы, әлеуметтің құрметіне ие болған мәслихат депутаты бола берсін деген игі тілегімізді арнаймыз!

О.ҚАСЫМ.