ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ҚАРАСПАНДА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ
Бүгінде елімізде аудандарды дамытуға басымдық беріліп отыр. Сәйкесінше, бірқатар өңірлерде оң өзгерістер айқын аңғарылып отыр. Оның ішінде Түркістан облысына қарасты аудандарда жүзеге асып жатқан жемісті жұмыстар көп. Мәселен, Ордабасы ауданында агроөнеркәсіптік кешенді ілгерілету бағытында қыруар іс атқарылуда. Нәтиже де жаман емес. Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі артып келеді. Ордабасыда қоғамның кез келген саласы қарқынды дамуда. Оның ішінде өнер мен мәдениет те бар.
Газетіміздің бұған дейінгі сандарында Ордабасы ауданының 60 жылдығына орай өнер фестивалі ұйымдастырылғаны турасында жазған едік. “Ауылым — алтын бесігім” тақырыбын арқау еткен шара күні бүгінге дейін бірнеше ауылда ұйымдастырылды. Енді керуен көші Қараспанға жетіп, жергілікті тұрғындарды қуанышқа бөледі. Қараспан ауылдық округінде ұйымдастырылған шарада қолөнер шеберлерінің және мектеп оқушылары жасаған бұйымдарының көрмесі өтті. Сондай-ақ ұлттық тағамдар мен кәсіпкерлік және ауылшаруашылық өнімдері де жұрт назарына ұсынылды.
Бұдан бөлек, спорттық жарыстар өтті. Аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық маслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков қараспандықтарға жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға алғыс жариялап, сый-құрмет көрсетті. Жоғарғы деңгейде өткізілген іс-шара барысында аудандық Мәдениет үйінің және Қараспан ауылдық округінің өнерпаздары көпшілікке ән мен күй тарту етіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.