КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Демография — елдің дамуындағы маңызды салалардың бірі. Сондықтан елімізде көпбалалы аналарды қолдау шаралары қарқынды түрде жалғасып келе жатыр. Өйткені еліміздің аумағы үлкен болғанымен, халық саны салыстырмалы түрде аз. Бұл еңбек күшіне, нарыққа тікелей әсер етеді. Қала берді, соңғы жылдарда әлемде халықтың қартаюы өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде бірқатар бастамалар жүзеге асып отыр. Ел билігі көпбалалы аналарға қолдау көрсетуді бір сәтке болсын тоқтатқан емес.

Осы орайда, жуырда Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев көпбалалы аналармен кездесті. Кездесу барысында көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқаларды» салтанатты түрде табыстап, құрметпен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Өз сөзінде “Құрметті көпбалалы аналар, аяулы жандар, ардақты аналар! Сіздер үшін бүгін — ерекше күн! Сіздерге, мемлекетіміздің демографиялық әлеуетін арттырып, бала тәрбиелеудегі шынайы еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Жыл сайын көпбалалы аналар мен балаларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қамқорлықтар көрсетіліп келеді. «Отан отбасынан басталады» демекші, сіздер ұрпақты дүниеге әкеліп, мейірім сыйлап, үлкен азамат етіп өсіріп отырсыздар. Ұрпақты тәрбиелеудегі ананың рөлі ерекше. Елдің қызметіне лайықты азамат ретінде тәрбиелеген жан — барлық мақтауға лайық. Отбасыдан бөлек, сіздердің араларыңызда қоғамда түрлі салада еңбек етіп жүрген аналар да бар. Өздеріңізге алғысымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға баянды бақыт, таусылмас қуаныш пен жақсылық тілеймін. Мемлекеттік наградаларыңыз құтты болсын!” деді Азат Оралбаев.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей алтын құрсақты аналарды марапаттарымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Іс-шара соңында алтын құрсақты аналардың құрметіне аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты. Жиында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 25 шілдедегі №969 Жарлығына сәйкес, жалпы 75 көпбалалы ана марапатталды. Марапатталғандардың ішінде басым көпшілігі — үй шаруасындағы аналар. Айта кетейік, аудан бойынша «Алтын алқалы» 1162 және «Күміс алқалы» 2881 ана бар.