ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЛУДОМАНИЯҒА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙТІЛДІ
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияға қарсы күресті күшейту бағытындағы заңға қол қойған болатын. Заңда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынған болатын.
Енді жергілікті атқарушы билік алдында түсіндірме жұмыстарын жүргізу сынды маңызды міндет тұр. Ал Түркістан облысында осы бағытта жұмыстар басталып кетті. Тарқата баяндайтын болсақ, Арыс қаласы бойынша лудомания немесе ойын бизнесімен күрес мақсатында Арыс қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» Арыс аудандық прокуратурасы, Арыс аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, рейдтік, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Кәсіпкерлерге жаңа заңның талаптары түсіндірілді.
Жалпы «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2024 жылдың 9 айында жастар мен жасөспірімдер арасында лудоманияның алдын-алу профилактикалық жұмыстары бойынша 11 іс-шара ұйымдастырды. Атап айтсақ, Арыс қаласындағы мектептерде жоғарғы сынып оқушылары арасында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасында «Сен өзгерсең – сенің әлемің де өзгереді», «Құқықбұзушылықтың алдын алу» және «Тәрбие тал бесіктен басталады» тақырыптарында семинар-тренингтер және түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге «Құмар ойынға құмартпа» тақырыбында кино көрсетіліп, «Лудомания – қоғам дерті» атты семинар-тренинг ұйымдастырылған.
Жоғарыда біз сөз еткен заң жобасында бірқатар шектеулердің барын айта кеткеніміз абзал. Мәселен, енді 21 жасқа толмағандарға құмар ойынын ойнауға тыйым салынады. Бұдан бөлек, қазақстандықтар бәс тігуге онлайн түрде өз-өзіне шектеу қоя алады. Өтінішті әр тұлға eGov қосымшасы арқылы өз атынан беруі тиіс. Туыстары мен достарының атынан арыз қабылданбайды. Ал шектеу мерзімі — 10 жыл. Оны мерзімінен бұрын тоқтата алмайды. Бұған дейін талай ұтыс ойындарына қатысып, әбден қарызданған тұлғалар да енді букмекерлік кеңселер мен казиноларға кіре алмайды.