ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Лудомания — тәуелділікке ұрындыратын кеселді әрекет. Бүгінде бұл мәселе күллі қоғамға ортақ болып отыр. Өйткені оңай олжа тапқысы келіп, бәске ақша тігіп, артынша барынан айырылғандардың саны елімізде мыңдап саналады. Сондықтан онымен қоғам болып күресудің маңызы мен міндеті айрықша. Бұл бағыттағы шаралар елімізде бірнеше жыл бұрын басталған болатын. Әлі де күрес шаралары қарқынды түрде жалғасып келе жатыр. Мәселен, күнгейдегі аудандар мен қалаларда ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осындай маңызды жиынның бірі жуырда Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданына өтті. Нақтырағы, Сарығаш ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналды полиция инпекторлары тарапынан мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың, отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, әлімжеттіктің, буллинг пен бопсалаудың, лудомания және құмар ойындардың алдын алу мақсатында мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіліп келеді. Күні бүгінге дейін Сарыағаш қаласындағы №2 А.Сүлейменов жалпы орта мектебі мен №10 Қ.Сатпаев атындағы мектеп-гимназиясында, Тегісшіл ауылында орналасқан №34 Ш.Уәлиханов жалпы орта мектебінде, Ақжар ауылдық округінде орналасқан №45 жалпы орта мектебінде, Жібек-Жолы ауыл округінде орналасқан №58 Ә.Марғұлан атындағы жалпы орта мектебінде және №20 Амангелді атындағы жалпы білім беру мектебінде 7-11 сынып оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылып, жиналыстар өткізілді. Онда оқушыларға заң талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар ескертулер де жасалды. Оқушылардың қойған сұрақтарына толымды жауаптар да берілді.
Айта кету керек, Түркістан облысында қоғамның өзекті мәселесіне айналған нашақорлық, құмар ойынға құмарлық сынды мәселелермен күрес мақсатында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Бүгінде мұндай топтардың құрамына ауыл ақсақалдары мен билері, психологтар, педагогтер, құқық қорғау саласының қызметкерлері кіріп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде бұқара мұндай теріс әдеттің артында орны толмас өкініш пен ауқымды мәселелер жатқанын анық түсініп, айқын сезініп келеді. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да білім мекемелерінде жалғасын таппақ.