5 ӘЛЕУМЕТТІК КЕСЕЛМЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ ҚАРҚЫН АЛАДЫ
Бүгінгідей жаһандық саясат сәт сайын құбылып тұрған уақытта елдің ішкі бірлігінің маңызы айрықша. Сәйкесінше, елімізде ұлттар арасындағы ынтымақ пен татулықты ту ететін түрлі бастамалар бар. Соның арқасында бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқан көптеген ұлттардың бірлігі мығым. Жасыратыны жоқ, елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан да ауқымды бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келеді. Бүгінде бұл құрылым ел ішіндегі бірліктен бөлек, қоғамның бас ауруына айналған мәселелермен күресте де айрықша көзге түсіп келеді. Тарқатайық…
Жуырда Кентау қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі 2024 жылдағы ІІІ тоқсандық отырысын №24 Т.Рысқұлов атындағы жалпы орта мектептің 9-сынып оқушыларының қатысуымен өткізді. Отырысты Кеңес төрайымы Кривенцова Маржан Қазыбайқызы ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2024 жылы 25 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХXIII сессиясында айтқан мәселелер жайы қаузалды. Олардың қатарына жасөспірімдер арасындағы нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық жатады. Осы әлеуметтік кеселдермен күресу, алдын-алу, болдырмау бойынша және ҚР қолданыстағы заңнамасының нормалары туралы қалалық Полиция бөлімінің әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тобының инспекторы М.Құттыбаева, қалалық емхана қызметкерлері, атап айтқанда, дерматолог Р.Утебаева, психолог Г.Зеренбаева, генеколог С.Жағыпар пайдалы ақпараттарымен бөлісіп, хабардар етті. Сонымен қатар қалалық Аналар кеңесінің мүшелері «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Салауатты сана» жобасын іске асыруды қолға алғанын айтып, қоғамдағы бес әлеуметтік кеселге қарсы тұру және оны жою, себеп-салдары мен келтіретін зиянын түсіндіріп, жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беріп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар алдағы уақытта аталған бағыттағы жұмыстардың қарқынды түрде жалғасатынын жеткізді.
Айта кету керек, “Салауатты сана” жобасы бұған дейін таныстырылған болатын. Бұл — ҚР Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзі негізіндегі қауіпсіз өмір сүру үшін арылу керек әлеуметтік кеселдермен күресу туралы берген тапсырмасы негізіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі мен ҚХА Хатшылығы жасақтаған жобасы. Мұндағы бес әлеуметтік кесел деп отырғанымыз – нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік, отбасы және әлеуметтік зорлық-зомбылық, вандализм, ысырапшылдық.