МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ АГРОСАЛАНЫҢ АЛҒА ЖЫЛЖУЫНА ЫҚПАЛ ЕТІП КЕЛЕДІ
Қазақстандық шаруалар жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша 8 мыңнан астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Бұл туралы Үкімет мүшелерінің қатысуымен «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Олжас Бектенов мәлім етті.
Жалпы ауыл шаруашылығы – еліміз үшін аса маңызды сала. Үкімет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді жаңа деңгейге шығару үшін заманауи агротехнологияларды қолдануға және ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуға басымдық берілуге тиіс екенін атап өтті. Егіс алқаптарын әртараптандыру және тұқым қорының сапасын арттыру қажет. Бұл бағытта қазіргі таңда бидай алқаптары кезең-кезеңмен қысқартылып, майлы дақылдар және қант қызылшасының егістіктері көбейіп келеді. Суды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптары азайтылып жатыр. Биыл егіс науқанын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Көктемгі дала жұмыстарын, егін жинау науқанын, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алу сынды жұмыстарды қаржыландыру төрт есеге, яғни 580 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл — соңғы жылдардағы ең ауқымды қаржыландыру көлемі.
Бұл ғана емес, отандық өндіріс шығаратын ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингінің жаңа бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаны қаржыландырудың жылдық көлемі 5 пайыз мөлшерлемемен 100 млрд теңгені құрайды. Биылғы 8 айдың ішінде диқандар 155 млрд 700 млн теңгеге 8 мыңнан астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Осы орайда «Аграрлық секторды дамытуда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу маңызды орын алады. Президент қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Бұл бағытта өңдеуші кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету, жеңілдетілген қаржыландыру, ішкі нарықты қорғау және отандық өнімдердің экспортын қолдау шаралары іске асырылып жатыр. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Соңғы 2 жылда ауыл тұрғындарына 100 млрд теңгеден астам сомаға шағын несиелер берілді. Нәтижесінде 20 мыңға жуық азамат өз кәсібін ашты» деді Премьер-Министр. Сондай-ақ Олжас Бектенов егін жинау науқанын ескере отырып, астықты сақтау, логистика және қосымша жеңілдетілген жанар-жағармай бөлу мәселелерін жедел шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.