ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

Жыл сайын білім мерекесі қарсаңында ұстаздар қауымы Тамыз кеңесінде бас қосады. Бұл дәстүрлі басқосуда білім саласындағы жаңа міндеттер мен жоспарлар бекітіледі. Биылғы кеңесте цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні білім саласында қолдану тақырыбы кеңінен талқыланды.

Ағымдағы жылы тамыз кеңесіне Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, жаңа оқу жылының басталуына сәттілік тіледі. Өз сөзінде «Қадірлі ұстаздар қауымы, сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ білім экономикасына тың серпін береміз» деп білім беру үдерісін цифрландыруда жеделдік керектігіне тоқталды. Сондықтан бұл бағыттарға басымдық беру керек» деп атап өтті аймақ басшысы.
Сонымен қатар жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы жұмысты жандандырып, жемісті нәтижеге жету керегін айтқан аудан әкімі салада еселі еңбек етіп жатқан бірқатар ұстаздарды марапаттады. Айта кету керек, тамыз кеңесінде білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева модераторлық етті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университетінің проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Баршагүл Исабек, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы директорының орынбасары Мұхтар Ақтаев, Түркістан облысы білім басқармасының бас маманы Әлия Досыбекова, аудандық білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары мен ұстаздар қатысты.