ҚАЗАҚСТАНДА ЕҢ ТӨМЕНГІ КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІ ӨСТІ
Қазақстанда жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі шілде айында 51 730 теңгеден тамыз айында 55 731 теңгеге дейін өсті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Ағымдағы жылдың тамыз айында күнкөріс деңгейі бойынша көшбасшы өңірлердің қатарына 68 687 теңгемен Маңғыстау облысы, 60 595 теңгемен Алматы және 59 851 теңгемен Астана қалалары кірді. Аутсайдерлер қатарына 48 067 теңгемен Түркістан, 49 566 теңгемен Қызылорда, 51 453 теңгемен Жамбыл облыстары кіріп отыр.
Жыныстық бөліністе ер адамдардың ең төменгі күнкөріс деңгейі 65 250 теңгені, ал әйелдерде 51 768 теңгені құрайды. Сондай-ақ зейнеткерлердің күнкөріс деңгейі шілдеде 48 389 теңгеден тамызда 51 227-ге дейін өскен. Айта кетейік, республикалық бюджет 2025 жылдан бастап зейнетақыны ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осының негізінде базалық зейнетақы төлемдері ұлғайтылады және 2025 жылы ең төменгі базалық зейнетақы 47 700 теңгені құрайды, ал 2027 жылға қарай 55 145 теңгеге дейін өседі.
«Уақыт».