ТҮРКІСТАНДА ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖЕМІСТІ ЖҰМЫС КӨП

Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері көркейіп, көптің назарындағы шаһарға айналып келеді. Айналдырған бірнеше жылдың ішінде тарихи қала кейпі адам танымастай өзгерді. Көптеген жаңа, заманауи нысандар бой көтерді. Сәулеті жарасқан шаһарға келушілердің де саны артқан. Қоғамның сан түрлі саласында да ілгерілеу бар. Қаланы әрі қарай дамыту шаралары жалғаса береді.

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға қаланың әлеуметтік экономикалық дамуы турасында берген есебі барысында шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков айтты. Сандарды сөйлетер болсақ, облыс орталығында жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы 7 айда 196,4 млрд теңгеге жетіп, өсім 9,5 пайызды құрады. Инвестиция тарту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда қаладағы арнайы экономикалық аймақта 7 га жерге 200-ге тарта жаңа жұмыс орны бар 4 жоба іске асырылуда. Бұдан бөлек, индустриалды аймақта 11 жобаның негізі қаланып жатыр.
Облыс орталығының инфрақұрылымы да жақсарып келеді. Қалада орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абонент саны 16 мыңнан асып, қамтылу көрсеткіші 36 пайызға жетті. Қазіргі уақытта қала аумағында сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында 15 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Қосымша 3 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Нәтижесінде орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абонент саны 33 690-ға жетіп, қамтылғандар үлесі 72 пайызды құрамақ. Қош делік, көз алдымызда дамып, көркейіп келе жатқан қалада атқарылған жұмыс аз емес. Нәтижесі де жақсы. Бұл бағыттағы жұмыстардың болашақта да қарқынды жалғасарына күмәніміз жоқ.

Ж.БАЛАУСА.