БОЛЖАМ МЕН БАЙЛАМ
келер жылы Ұлттық қордың қаржысы қаншаға көбеюі мүмкін?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордағы қаражатты 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ долларына жеткізу тапсырмасын берген болатын. Ол үшін қорға қол сұғу тыйылуы қажет. Әйтпегенде межелі кезеңде мақсат еткен көрсеткішке жете алмауымыз бек мүмкін. Қош делік, жауаптылардың есебі қандай?
Жуырда Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров аталған мәселеге айрықша тоқталып өтті. Айтуынша, келер жылы Ұлттық қор активтері 62,2 млрд долларға жетеді. Нақтырағы, өз сөзінде «Сіздердің қарауларыңызға «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасы енгізіледі. Онда мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 АҚШ доллары, 2026-2027 жылдары барреліне 41,0-39,4 АҚШ доллары деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, 2025-2027 жылдары республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды» деді ведомство басшысы.
Осының нәтижесінде 2025 жылы жоғарыда атап өткен межеге жетуіміз бек мүмкін. Ал 2026-2027 жылдар ішінде Ұлттық қор активтері 69,9-78,7 млрд АҚШ доллары болады деген болжам да бар. Қош делік, мұның болжам екенін ұмытпауымыз абзал. Қала берді, қазіргі уақытта қорға үміт арту белең алып барады. Әлемдік саясат та сәт сайын құбылып-ақ тұр. Мұның бәрін ескерсек, болашақтың қамына жинаған қаржымыз көбеюдің орнына кеміп кетпей ме деген күдік санамыздан сығалайды. Әрине, анығы уақыттың еншісінде…
О.ҚАСЫМ.