ҮЗДІК МАМАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтқан болатын. Нақтырағы «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» деп атап өткен болатын мемлекет басшысы.

Бұл бағыттағы жұмыстар үшінші мегаполисте сәтті жүзеге асып келеді. Мәселен, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің құрылғанына 10 жыл толуына орай өткен мерекелік шараға қатысты. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен салтанатты жиында сөз сөйлеп, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Қала әкімі мегаполисте жергілікті салық түсімдерінің артып келе жатқанын атап өтіп, ел қазынасының артуына үлес қосып жүрген әрбір қызметкерге алғысын білдірді. Сондай-ақ экономиканың дамуы, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес, халықтың құқықтық сауаттылығы мен салық мәдениетін арттыру — мемлекеттік кірістер органдарының қажырлы еңбегі екеніне тоқталды.
Өз сөзінде «Мемлекеттік кірістер органдары экономикалық және қаржылық қамтамасыз етудің аса маңызды мәселелерін шешуде мемлекеттің сенімді тірегі саналады. Қызметкерлердің жоғары кәсібилігі, жауапкершілігі қаламыздың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін оңтайлы шешуге мүмкіндік береді» деді Ғабит Сыздықбеков. Мерекелік іс-шара барысында үздік қызметкерлер ҚР ҚМ «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгісімен, Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Салтанатты жиын жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.