ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕГІ БІРҚАТАР НЫСАНДАР ҚАЛА МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Шымкенттің бұрын облыс орталығы болғаны мәлім. Міне, сол уақытта күнгейдегі күллі аудан қалаға ағылатын. Өйткені облыстық әкімдік пен басқармалардың ғимараттары Шымкентте орналасқан болатын. Дегенмен жағдай өзгерді. Облыс орталығы тарихи қалаға Түркістанға көшті. Міне, осы уақытта бірқатар маңызды нысандар бойынша түйткілді түйін қалыптасқан болатын. Тарқатайық…

Түркістан облысының құрылуына және Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесінің берілуіне байланысты, көптеген нысандар Түркістан облысының балансына өтті. Яғни ғимарат қалада орналасқанымен Түркістан облысының теңгерімінде еді. Алайда қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау мақсатында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар маңызды нысандарды қайта қаланың коммуналдық меншігіне қайтару бойынша келіссөздер жүргізді. Жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының әкімдіктері арасында арнайы Жол картасы әзірленді. Қазіргі уақытта, оның алғашқы кезеңі аясында 7 нысанды мегаполистің коммуналдық меншігіне қайтару жұмыстары басталды. Олардың ішінде Тәуке хан даңғылы мен Республика даңғылындағы әкімшілік ғимараттар, Әл-Фараби алаңындағы кітапхана, Қазыбек би көшесіндегі облыстық филармония, үш тілде оқытатын Маржан Тасова атындағы мамандандырылған мектеп-интернат және Абай ауданындағы темір жол желісі бар.
Келіссөз барысындағы шаралар қала бюджетіне түсетін салмақты азайтуға және үнемделген қаржыны Шымкент қаласының дамуына бағыттауға мүмкіндік береді. Орталық саябақта орналасқан «Қоғамдық келісім» КММ ғимараты да қаланың коммуналдық меншігіне беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар Шымкент қаласында орналасқан облыстық мекемелер Түркістан облысындағы жаңадан салынып жатқан ғимараттарға көшіріліп, босатылған нысандар қала балансына біртіндеп берілмек.