САЛАЛАРДАҒЫ ЖҰМЫС БАРЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Соңғы уақытта Шымкент қаласында көптеген игі бастамалар көтеріліп сәтті жүзеге асып келе жатыр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бастаған шенеуніктер шаһарға қарасты шағынаудандар мен елді мекендердің тұрғындарымен жиі кездесіп, мәселелеріне құлақ асуда. Көтерілген түйткіл, ұсынылған ұсыныстар да назардан тыс қалған емес. Ал жүзеге асып жатқан жұмыстар қала әкімінің тікелей бақылауында десек, артық айтпаған болар едік…
Осы орайда, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте білім беру ұйымдарының 2024-2025 оқу жылына дайындығы, мектептер маңындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз салынған құрылыс нысандары, құжаты рәсімделмеген дүңгіршектер, денсаулық сақтау саласында 6 айда атқарылған жұмыстар талқыланды. Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева жаңа оқу жылы қарсаңындағы білім ғимараттарының дайындығы мен өзекті мәселелерді пысықтады. Қала әкімі тиісті сала басшыларына білім нысандарының жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету, мектептер мен балабақшалардың жаңа оқу жылына әзірлігін сапалы, мерзімінде жүргізу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жиын барысында Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков дүңгіршектерді тиісті құжаттарсыз өз бетінше иеленген жағдайларға тоқталды. Жалпы қала бойынша 577 дүңгіршек анықталған, орнынан алынғаны – 228. Тиісті жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Қала басшысы жауаптыларға құжаттандыру жұмыстарын заң аясында жүргізуді бақылап, кәсіпкерлік қызметтің заң шеңберінде ұйымдастырылуын қамтасыз етуді тапсырды. Ал Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Мерлан Керімжанов заңсыз салынған құрылыс нысандары бойынша баяндама жасады. Айтуынша, басқарма тарапынан заңға сәйкес 28 нысанға талап арыздар жолданған, 13 құрылыс нысанына мәжбүрлеп бұзу туралы сот шешімі шықты. Қала әкімі сала басшысына бұл бағыттағы жұмыстарды заң шеңберінде ұйымдастыруда нақты тапсырмалар жүктеді.