«SHYMKENT IT HUB» ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Елімізде цифрлық жүйені қоғам өміріне енгізу бойынша ауқымды шаралардың жүзеге асып келе жатқаны белгілі. Бұл бағыттағы шаралардың қарқын алып жатқанынан да хабарымыз бар. Бүгінде көптеген мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу мүмкіндігі бар. Бұл ғана емес, қазіргі таңда өңірлерде ІТ саланы ілгерілету бойынша арнайы орталықтар ашылуда. Жуырда дәл осындай бастама Шымкент қаласында көтерілген еді. Тарқатайық…

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев «Shymkent Hub» өңірлік технопаркінің ашылуына қатысты. Жаңа орталықтың негізгі мақсаты – технологиялық кәсіпкерлікті өркендету, стартап-мәдениетті қалыптастыру, IT-саланы және цифрлық білім беруді дамыту. Ашылу аясында IT-стартаптардың, IT-компаниялардың, робототехника мектебінің және Tech Orda бағдарламасына қатысушы жеке IT-мектептердің, сондай-ақ Шымкент қаласының инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. «Shymkent Hub» «Astana Hub» білім беру және инкубациялық бағдарламаларын іске асыруға арналған платформа болады. Оның аумағында белсенді IT-қоғамдастықтың қалыптасуына ықпал ететін түрлі іс-шаралар өтеді.
Стартап-жобаларды әзірлеу барысында қатысушылар кәсіпкерлік негіздерін, инвестицияларды тартуда қолдауды, қаржылық есеп жүргізуді және басқа да қажетті дағдыларды үйренеді. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңыздылығын атап өткен болатын. Бүгінде ел Президентінің тапсырмасы аясында аталған салада бірқатар тың жобалар жүзеге асып жатыр.