БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БЫЛЫҚТАРҒА СЕБЕП БОЛҒАН СХЕМАЛАР АНЫҚТАЛДЫ

Соңғы уақытта білім саласының былықтары турасында түрлі ақпараттар шығып жатыр. Тіпті, қоғам жиі талқылайтын тақырыпқа айналды десек те артық емес. Бір қызығы, мұндай ақпараттар шындыққа жанасатын тәрізді. Өйткені жуырда Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарында мұғалімдердің еңбекақы қорынан бюджет қаражатын жымқыру схемасын жария етті.

Тарқата баяндайтын болсақ, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Мәжіліс депутаттарының сауалына былай деп жауап берді «Қазіргі уақытта министрлік сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу мақсатында бірқатар іс-шараларды іске асыруда. 2023 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Нәтижесінде министрлік агенттікпен бірлесіп, білім беру саласындағы бюджет қаражатын жоспарлау мен игеру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу тетіктерін әзірлеу бойынша ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын бекітті. Сыртқы талдаудың қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында мұғалімдердің еңбекақы қорынан бюджет қаражатын жымқыру схемасы ашылды. Атап айтқанда, білім беру ұйымдары қызметкерлеріне еңбекақы жоспарлау кезінде негізсіз үстемеақылар белгілеу арқылы нормадан артық қаржы жоспарлау, сондай-ақ дұрыс емес деректемелер көрсету, оның ішінде басқа тұлғаның карт-шоты көрсетіліп үшінші тұлғаларға қаражат есептеу арқылы бюджет қаражатын жымқыру фактілеріне жол берілгендігі белгілі болды. Осылайша, бюджеттен бөлінген қаражатты ұрлау жалған деректемелер бойынша немесе үшінші тұлғаларға және «өлі жандарға» артық есептелгені анықталды». Демек қоғамды дүрліктірген ақпараттар министрлік тарапынан расталып отыр.
Вице-министрдің атап өтуінше, осындай заң бұзу схемаларын жою мақсатында министрлік Қаржы министрілігімен және әкімдіктермен бірлесіп бірнеше шаралы қолға алған. Олар — «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесін жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау арқылы әрбір қызметкердің жеке сәйкестендіру нөмірін еңбекақы төлеу ведомостарында көрсетілген деректермен сәйкестігін автоматты түрде тексеру тәсілін енгізу, бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру және бекіту процесін автоматтандыру, яғни білім алушылар контингенті бойынша мәліметтерді автоматты түрде салыстыру үшін қазынашылық ақпараттық жүйлерін «Ұлттық білім беру деректер базасы» ақпараттық жүйелерін интеграциялау және білім беру саласының қызметкерлері болып табылмайтын үшінші тұлғаларға қаражат есептеу тәуекелдерін болдырмау мақсатында «ҰББДБ» АЖ базасында білім беру саласында персоналды басқарудың бірыңғай автоматтандырылған электрондық жүйесін қалыптастыру. «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, педагог кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде, оған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді. Осылайша, мектептердегі мұғалімдерден қаражат жинау – бұл заңсыз әрекеттер. Мұндай фактілер туындаған кезде мұғалімдер білім беру саласындағы уәкілетті органдарға жүгінуге құқылы.