ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БАСТЫ НАЗАРДА

Бүгінде ел аумағында жұмысшылардың құқығын қорғау ісіне айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Мәселен, 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 259 кәсіпорны 14,9 мың жұмыскерге 3,3 млрд теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешек бар екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында 5,6 мыңға жуық еңбек құқығының бұзылуы анықталды.

Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 222 ұйғарым берілді және 34,6 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 13,2 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 2,6 млрд теңге төленді. Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында. 2024 жылғы 1 тамыздағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 245 тексеру жүргізді. Оның барысында 6 772 бұзушылық анықталды. Ішінара тарқатсақ, еңбек саласында – 5 007, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 703, халықты жұмыспен қамту бойынша – 62 құқықбұзушылық белгілі болған.
Нәтижесінде жұмыс берушілерге 2 552 ұйғарым беріліп, 321,9 млн теңге сомасына 2 931 әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 23 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды. Айта кетейік, бүгінде жұмысшылардың құқығын қорғау ісінде кәсіподақтар белсенді жұмыс жүргізіп келе жатыр. Анықталған құқықбұзушылықтарды жою бағытында да бірқатар тың бастамалар жүзеге асып жатқанын да айта кеткеніміз жөн.