БІЛІМ ОРДАЛАРЫ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН БА?
Елімізде орын тапшылығын жою мақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Арнайы ұлттық жоба да қабылданып, оның негізінде бірқатар білім ордалары бой көтеріп жатыр. Бұл ғана емес, жүктемесі шамадан тыс білім ордаларының жанынан қосымша оқу корпустары да бой көтеріп жатыр. Ресми дерекке сүйенсек, биыл 1 қыркүйекке қарай жаңадан 61 мектеп ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
Мәлім болған мәліметтерге сүйенсек, қыркүйек айында елімізде 4,5 млн білім алушы оқуға барады. Бұл – балалармен қатар, олардың ата-аналары үшін де өте маңызды қадам. Сондықтан білім беру инфрақұрылымының және бүкіл оқу процесінің жаңа оқу жылына толық әзірлігін қамтамасыз ету қажет. 1 қыркүйекке қарай жаңадан 61 мектеп ашу жоспарланып отыр. Мектептерді тапсыру бір бөлек, оларды оқушыларды қабылдауға дайындау үшін де үлкен жұмыс атқару керек. Ғимараттарға, оқу кабинеттеріне, асханаларға қойылатын барлық қауіпсіздік шарттарын, санитариялық-эпидемиологиялық және өртке қарсы талаптарды орындау қажет. Жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, пәндік кабинеттерді, зертханаларды, спорт залдарын жабдықтау керек. Бұл – тек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына ғана емес, барлық білім беру объектілеріне қатысты қойылып отырған талап.
Жиын барысында Үкімет басшысы бірқатар өңірде кейбір оқу орындарының дайындығы тиісті деңгейде емес екенін алға тартты. Нақтырағы «Атап айтқанда, жаңа оқу жылына дейін үлгермей қалу қаупі бар білім ошақтарының жетеуі Ақтөбе облысында орналасқан. Құрылыс жұмыстары негізсіз созылып кетті. Осы бағытта барлық күш-жігерді біріктіріп, объектілердің белгіленген мерзімде тапсырылуын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ тамыз айында күрделі жөндеу жұмыстарының барлығы аяқталуы тиіс. Алайда 18 мектепте жоспарланған жұмыстардың 30 пайызы ғана орындалған. Бұл мәселе Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарына қатысты. Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдамаса болмайды. Балалар таза әрі ыңғайлы кабинеттерде білім алуы үшін оқу процесі басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтаңыздар» деді Премьер-Министр.