ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгінде өңір-өңірде тұрғындар көтерген мәселелерді шешу бойынша ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Оның ішінде Түркістан қаласында әкімдік тарапынан қолға алынып отырған бастамалардың маңызы айрықша. Бұған дейін шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков азаматтарды жекелей қабылдап, мәселелерін тыңдаған болатын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып жатқан шаруалар мұнымен шектеліп қалған жоқ. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Жуырда қалалық әкімдік қызметкерлері шаһардағы Бірлік секторының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Жер қатынастары мен Сәулет және қала құрылысы бөлімінің жауапты өкілдері тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Көтерілген мәселелерге келсек, Бірлік секторының тұрғыны әкесінен қалған үйді отбасы мүшелерінің біріне рәсімдей алмай отырғанын айтып, құқықтық кеңес сұрады. Өздерін аталған сектордағы Елім-ай көшесінің тұрғындарымыз деп таныстырған азаматтар жер учаскелеріне қатысты құжаттарында көшенің аты басқаша аталатынын, құжаттағы атау мен қазіргі атауының сәйкес келмейтінін айтып отыр. Ал Аягөз көшесінен келген азаматтың айтуынша, үйлер арасындағы көлік жүретін жолды көршілес орналасқан балабақша иесі меншіктеп отырған көрінеді. Заңдылығын анықтап беруді өтінді.
Кездесуде сала мамандары аталған мәселелердің заң аясында қарастырылатынын айтып, құқықтық кеңес берді. Ұсыныстардың да бақылауға алынатындығын жеткізді. Алдағы уақытта қаузалған түйткілді түйіндер бойынша нақты шаралар атқарылады. Нәтижелері де тұрғындарға қосымша хабарланбақ.