«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ: ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖИЫН ӨТТІ

Қазіргі уақытта қоғам несиеге кіріптар. Тапқан таянғанын банк алдындағы берешегін өтеуге жұмсайтын әлеумет көп. Бұл ғана емес, оңай олжа тапқысы келіп құмар ойынға кіріп кеткендердің де қатары қалың. Әрине, мұндай көктейтесті мәселенің артында қаржылық сауат сияқты өзекті түйін жатыр. Сондықтан да елімізде бұл бағытта, яғни халықтың қаржылық сауатын арттыруға айрықша басымдық беріліп келеді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асып жатыр. Тың бастама негізінде халыққа қаржылық сауаттың негізгі талаптары үйретіледі. Бұл тапқан нәпақасын тиімді жұмсай білуге ықпал етеді. Бұл ғана емес, қазіргі уақытта еліміздегі көптеген орталықтар мен мекемелер де қаржыны тиімді басқарудың тетіктерін қоғамға үйретуге көшкен.

Олардың қатарында жастар орталықтарының еңбегі айрықша. Мұндай орталықтар соңғы жылдары айрықша белсенділік танытып, жастар арасындағы өзекті мәселеге айналған қаржыны басқару және құмар ойынның алдын алуға бағытталған шараларды айрықша қарқынмен жүзеге асырып келе жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Күні бүгінге дейін қаншама жас психолог пен қаржы мамандарына бағыт-бағдар берілді. Оқушылар мен студенттерге де құнды кеңестер айтылып, жол көрсетілді. Осы орайда, жазғы демалыстың басталуымен жұмыстар саябырсып қалғандай көрінген еді. Сөйтсек, жаңылысқан екенбіз. Бүгінгі таңда да насихат жұмыстары қарқынын бәсеңдетпеген болып шықты. Мәселен, жуырда Түркістан қаласындағы «Жастар ресурстық орталығында» 6-сектор басшылары және тұрғындарымен кездесу өтті. Лудомания мен қаржылық алаяқтыққа қарсы күресте сектор тұрғындарын жұмылдыру мақсатында өткізілетін «Қаржылық сауаттылық: жарқын болашаққа жетелейді» атты кездесуде сектор тұрғындары өз ойларында жүрген түйткілді сауалдарды жолдап, жиынға келген спикерлерден сол сауалдарына тиісті жауаптарын ала алды. Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен бұл басқосуға жалпы саны жүзге жуық сектор тұрғындары қатысты. Сонымен қатар, аталған іс-шараға Түркістан қалалық полиция басқармасы, криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция аға лейтенаты Алтан Нұртаза және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Ермахан Мырзабай қатысып, тұрғындардың лудомания сынды қоғамның дертіне айналып тұрған өзекті мәселеден бойларын алшақ ұстау керектігін баяндады.
Спикерлердің айтуынша, лудомания сынды құрығын кеңге жайған мәселемен қазіргі уақытта әлем мемлекеттері күресіп жатыр. Мәселен, Қытай мен Ресей, Араб елдерінде рұқсат етілген арнайы аймақтан басқа жерде ойын бизнесіне тегіс тыйым салған. Сондай-ақ құмар ойындарды заңсыз жарнамалау үшін айыппұл мен бас бостандығынан айыру шарасын қолданатын елдер де бар. Мәселен, Сингапурде оның мөлшері 20 000 доллар болса, Ұлыбританияда 2 500 фунт стерлингке дейін айыппұл қарастырады немесе 51 аптаға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Біздің елде жуырда қабылданған жаңа заңда да букмекерлік кеңселердің жарнамасын таратқан жағдайда 60 АЕК және одан жоғары айыппұлдар қарастырылған. Ал онлайн-казино ұйымдастырушылары екі жылға дейін бас бостандығынан айырылумен байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі бар. Бұл ғана емес, енді ойын бизнесіне бірқатар шектеу қойылады. Қазақстандықтар бәс тігуден өз еркімен бас тарта алады. Ал оны шектеу мерзімі 1 жылдан 10 жылға ұзарды. Яғни өз-өзіне шектеу қойған адамның 10 жыл бойы ойын бизнесіне салған ақшасы қабылданбайды. Соңғы 3 айда 150 мың адамнан осындай өтініш түскен. Сонымен бірге 3,5 млн адам үшін букмекерлік кеңселер мен казинолардың есігі жабық. Жаңа заң бойынша мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлер, бюджеттік ұйым басшыларына да бәс тігуге тыйым салынды. Шектеуге 280 мың адам іліккен. Талапты бұзса, ешқандай ескертусіз жұмыстан шығарылады. Ал әлеуметтік нысандарда және оларға жақын аймақтарда лотерея кеңселерін орналастыруға және билеттерін сатуға болмайды. Онлайн-казино ұйымдастырушылар қылмыстық жауапқа тартылады. Олар 7,5 млн теңге айыппұл төлеп, немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұдан бөлек, букмекерлік кеңселер мен басқа да ойын бизнесін жарнамалауға ішінара тыйым салынады. Жасыратыны жоқ, балалар арасында энергетикалық сусындарға тәуелділер көп. Бұл да — құмарлықтың бір түрі. Енді оған да заңмен шектеу қойылады. Яғни 21 жасқа толмағандар үшін бұдан былай энергетикалық сусын сатылмайды.
Бұдан бөлек, жиын барысында құмар ойынның кең таралуына себеп болып отырған факторлар да сөз болды. Оған сенсек, азаматтар стресс жағдайда жүруі, жалғыз қалуы, жақынын жоғалтуы, жұмыссыздық не болмаса қарызға кіріп кетуі, қысымға ұшырауы мүмкін. Адамдар тығырыққа тірелген кезде тез арада табыс табудың жолын іздейді. Несие алады, одан кейін қарызға кіріп кетеді, оның пайызы өседі. Бастапқы кезде тапқан айлығының өзі қарыз сомасының аз ғана бөлігін беруге жетеді де, адам басқа жол іздей бастайды. Сол кезде тез арада баюдың жолы бәс тігу деп ойлайды, лоторея ойнап көреді. Мысалы, 5 мың теңге салып, 10 мың теңге ұтуы, кейде сол салған ақшасын қайтып алуы да мүмкін. Жүрегінде «мен мүмкін миллион тауып қалармын» деген үміт болады. Одан кейін футболға немесе қосымша тағы бір ойындарға ставка қоя бастайды. «Ақшаңызды жақсы айналдырып бере аламын» деген арнайы хабарламалар болады. Қазір «ставканы кім ұтатынын айтып беремін» деп айтатын тырнақша ішіндегі эксперт өте көп. Олар да лудомандардың санын көбейтіп жатыр. Жалпы лудомания тәуелділіктің түрі болып саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны айықпайтын, нашақорлықпен бірдей дерт деп қарастырады. Ерік-жігері әлсіз адам егер бір тәуелділікке ұшыраған болса, оның әр түріне ауыса береді екен. Мысалы, ішкілікке салынып кеткен адам ойынқұмарлыққа кірсе, ішкілігін қойып кетуі мүмкін. Яғни бір тәуелділіктен екіншіге ауысу деп айтуға болады. Келесі бір кезең – психикалық бұзылыстар. Бәс тігуді жағдайы жоқ жұмыссыздардан бастап қалталылар да, қызметте жүргендер де, шенеуніктер де ойнауы мүмкін. Сондықтан да табысы жоғары не төмен деп бөлінбейді. Тезірек табыс тапсам екен деген оймен ойынқұмарлыққа кіріп жатқанның барлығын есін жоғалтқан лудомандар деп айтпаймыз, бірақ кәсіби ойынқұмарлар болуы да мүмкін. Оқушылар 100-500 теңге салатын болса, студенттер – 2-3 мың теңге, ал қызметтегілер 10 мың теңгеден бастап, жағдайы жақсылар 100 мың теңгеден қоюы мүмкін деп кете береді. Ал мұның алдын алу үшін ақпараттандырудың маңызы айрықша. Яғни құмар ойынның қызығушылық емес, тәуелділік тудыратын ауру екенін қоғамға кеңінен насихаттай беру керек. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге жетуге болады. Сондықтан да түгелдей бір елдің арасында үлкен дертке айналған бұл мәселемен күрес әлі де жалғаса бермек. Осы орайда, Түркістанда әр аптаның бір күнінде осындай сектор тұрғындарымен кездесу арқылы олардың бойындағы саналуан сұрақтарына ашық жауап беріп, бұл дертті де жеңуге ықпал ете аламыз дейді ұйымдастырушылар.
Айта кету керек, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жуырда қабылданған заң жобасының маңызы турасында «Лудомания – адам өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Құмар ойындар адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратып қана қоймай, рухани тұрғыда да әбден азғындатты. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Ажырасу, суицид, қарызға бату секілді мәселелердің алдында осы лудомания тұр. Өздеріңізге белгілі, Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы жастардың ерекше тәуекел тобына жататынына баса назар аударып, лудоманияны басты әлеуметтік мәселелердің бірі деп атады. Бұл тәуелділік өскелең ұрпаққа орасан зор зиян келтіреді. Осыған байланысты Президент мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеу қою бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл — жұмыстың нәтижесі тиісті заңнамалық қосымшаларды әзірлеу. Мемлекет басшысы лудоманиямен күресуде тәрбиелік-түсіндіру шараларына баса назар аудару керектігін атап өтіп, лудоманияға қарсы жүйелі жұмысты жолға қоюды, кешенді жоспар қабылдап, тиісті заңды қабылдауды жеделдетуді тапсырды. Осылайша, Парламент ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді, соның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулерді қабылдады» деп атап өткен болатын. Мәжілісмен сөз еткен тәрбиелік-түсіндіру жұмыстары Түркістан облысында жыл басынан бері қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Күні бүгінге дейін мектеп оқушыларынан бастап мемлекеттік қызметшілерге дейін қамтылған ондаған көшпелі отырыс пен семинар-тренингтер өтті. Мұның өзі түйткілдің түйінін ағытуға айрықша ықпал етері айқын.