ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ 10 ПАЙЫЗЫ БАНККЕ БЕРЕШЕГІН ӨТЕЙ АЛМАЙ ОТЫР

ахуалды жақсарту үшін қандай шара қолға алынып жатыр?

Бүгінде қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселенің бірі – несиеге кіріптарлық. Айлығы шайлығына жетпейтіндердің банкке берешегі бүгінде миллиардтап саналады. Күні бүгінге дейін халықтың желкесіне артылған несиені азайтып, ахуалды жақсартуға бағытталған біршама шаралар қолға алынды. Дегенмен жағдайдың күрт өзгеріп, жақсарып кеткенін көзіміз көрген жоқ. Сондықтан болар бұдан біраз уақыт бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қарызсыз қоғам» жобасының маңызына тоқталып, ел деңгейінде жүзеге асыру тапсырмасын жүктеген болатын. Не өзгерді? Қандай нәтиже бар? Бүгінгі материалымызда осы сауалдарға жауап табуға тырысып көрмекпіз…

Жуырда халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы жарты жылдағы аралық нәтижесін жариялаған болатын. Оған сенсек, 54 мыңнан астам адам жаңа білім алды. Бұл ғана емес, банкроттық рәсімдеу, алаяқтық фактілерін анықтау, бизнес-жоспар жазу, жұмысқа орналасу бойынша көш бастап тұрған облыстар анықталды. Жалпы биыл еліміздің барлық 20 өңірінде, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында халықты қаржылық сауатқа жаппай оқыту ұйымдастырылды. Қатысушылар түске дейін дәріс тыңдап, түстен кейін қатысушының қалауы бойынша жеке консультациялар алады. Қаржылық сауат курстары 5 ақпанда басталды. Жоба басталғалы 11 лек өтіп, республика бойынша 54 442 қатысушы білім алды. Әсіресе, қатысушылардың басым бөлігі Түркістан облысында, Шымкент қаласында, Алматы облысында, Алматы қаласында және Жамбыл облысында байқалады. Әзірге ең аз көрсеткіш Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Бұған өңірлердегі халық саны, көктемгі су тасқыны жағдайы, қаржылық менторлардың сапарлау мерзімі әсер етті. Бір ерекшелігі, биылғы жоба қатысушыларының 81 пайызы немесе 44 мыңнан астамы – аудандар мен ауылдық округтердің тұрғындары. Қала тұрғындары – 10 мыңның айналасында. Сондай-ақ жоба қатынаушыларының 78 пайызы әйелдерден тұрады.
Оны ішінара тағы да сараласақ, қатысушылардың 72,8 пайызы несие құсауында және қарыз төлеуде қиындыққа ұшырағанын жазған. Қарыз саны бойынша олардың 27,7 пайызында біреу, 23,9 пайызында екі несие, 10,4 пайызында үш несие және 10,8 пайызында үш несиеден көп қарызы бар. Несие төлемі 90 күннен кешіккендер үлесі 15 пайыз болса, мүлдем қарызы жоқ қатысушылар – 27 пайыз шамасында. Оқу барысында жобаның қаржы сарапшылары мен заңгерлері 14 мыңнан астам кеңес берген. Біз сөз етіп отырған жоба бизнес-жоспар түзіп, оны қорғау бойынша да бағыт-бағдар береді. Осы орайда, бизнес-жоспар әзірлеуде Абай облысы белсенділік танытқан, мұнда 128 адам жаңа іс бастау үшін жоспар жасаған. Одан кейінгі орындарға Түркістан, Алматы облыстары орналасқан. Ал антирекорд – Ұлытау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында тіркеліп отыр. Мәселен, түркістандық Ақбота Қыстауова декреттегі жалғызбасты ана және мүгедектігі бар әкесіне қамқорлық жасайды. Жұмысы болмағандықтан, 41 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып отырған. Ақбота – «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы өз өмірін түбегейлі өзгерткендердің бірі. «Ауылда қаржылық сауат туралы тегін курс өтетінін естіп, бірден жазылдым. Онда табыс көздерін іздеу, бизнес-жоспар жазу, мемлекеттік қолдау түрлері мен депозитте қаражат жинау жолдарын үйрендік. Үйдегі жалғыз асыраушы болғандықтан, пайызы көп кредит алып, бизнес бастау мен үшін өте қауіпті. Осылайша, ешкінің сүті денсаулыққа өте пайдалы екенін оқып, «Кәмшат» ауыл әйелдерінің бизнес бастамалары қорына құжат тапсырдым. 300 мың теңге грант сомасын жеңіп алып, Альпі ешкілерін, май шайқағыш, сепаратор, тоңазытқыш сатып алдым. Қазір қаржылық жағдайымыз анағұрлым жақсарды. Елімізде кәсіпкерлерді қолдайтын түрлі оқыту бағдарламалары мен гранттар бар. Бұл – үлкен мүмкіндік» дейді ол.
Бүгінде құқықтық көмек көрсетудің ең көп тараған түрі – берешекті қайта құрылымдау мәселелері. Онда ай сайынғы төлемді оңтайлы сомаға ауыстырып, жаңа кесте құру, несие шартының талаптарын өзгерту, кредиттік каникул рәсімдеу жұмыстары жүргізіледі. Бұрындары ел тұрғындары мұндай жұмыс үшін өзгеге қалтасынан ақша төлеп, кезегін күтсе, енді жоба аясында өзі де сол бағыттағы жұмыстарды түгел меңгере алады. Айта кетейік, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің соңғы деректерінше, экономикалық белсенді халықтың 85 пайызында несие бар. Өткен жылы бұл көрсеткіш 77 пайыз болған еді. Оның ішінде студенттердің 80 пайызында несие бар. Соңғы үш жылда тұтынушылық несие сегментінде өсім байқалады. «Қарызсыз қоғам» идеясының авторы, AMANAT партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, елімізде қарызын 90 күннен асырып алған 2 млн-ға жуық адам бар. Бұл – Қазақстан халқының 10 пайызы, экономикалық белсенді тұрғындардың 20 пайызы. Сондықтан қаржылық сауат негіздерін мектеп қабырғасынан бастап оқыту көзделіп отыр. Ол үшін Үкіметпен бірлесіп, оқушыларға, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне оқу құралдары әзірленеді. Жоба ауқымын кеңейту мақсатында еліміздің барлық өңірінде 750 мың адамды оқыту жоспарланып отыр, оның ішінде 100 мың студент пен 550 мың оқушы бар.
Қош делік, ресми көрсеткіштерді сараласақ, еліміздегі жағдай мәз емес. Бүгінде несиенің шырмауына түскен әлеумет банкке берешегін өтей алмай отыр. Қарызды кешу мен азайтудың ахуалды оңалтпасын тарих көрсетті. Мұндай шешім кредиттің құрығына қайта түсіп, тереңірек батуына себепші болуы мүмкін. Сондықтан да қаржылық сауатты арттырудың маңызы айрықша. Иә, бұл мінсіз жоба емес, дегенмен бұдан жақсы тәсілді әзірге көріп те отырғанымыз жоқ…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.