ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ БИЗНЕС-ФОРУМ ӨТКІЗУ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР
Шымкент қаласының кәсіпкерлік саладағы әлеуетін әлемге таныта түсу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бұған дейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шетелдік ресми һәм өзге де бизнес өкілдермен келіссөздер жүргізіп, қаланың инвестициялық тартымдылығын кеңінен түсіндірген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасып келеді. Мәселен, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қытай Халық Республикасына ресми сапары барысында Сиань қалалық парткомитетінің хатшысы Фан Хунвэй және қала мэрі Е Нюпинмен кездесті. Кездесу барысында түрлі салалардағы екіжақты қатынастарды дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Қалалар арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында бірқатар ұсыныстар қаралды. Қазіргі уақытта әлемде энергия ресурстарының тапшылығы байқалады. Осыған байланысты қала басшысы баламалы энергия көздерін дамыту мақсатында қытайлық инвесторларды Шымкентте күн электр станцияларын салу жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Өз сөзінде «Біздің қаламыз ауыл шаруашылығы жақсы дамыған Түркістан, Жамбыл облыстарымен және Өзбекстанмен шектесетіндіктен, біз үшін бұл саланы дамыту өте маңызды. Біз осы саладағы жобаларды іске асыруға мүдделі Сиань кәсіпкерлерін қолдауға дайынбыз. Қалада қолданыстағы сауда-логистикалық орталығының аумағын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Орталықты кеңейту Шымкентке Орталық Азия елдері арасында көлік-логистикалық хабқа айналуға мүмкіндік береді. Орталық теміржол торабы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің бойында және жүктерді кешенді қабылдауды және жөнелтуді жүзеге асыратын әуежайға жақын жерде орналасқан. Біз логистикалық орталықта құрғақ, тоңазытқыш қоймаларының жобаларын жүзеге асырғысы келетін инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз» деді қала әкімі.
Кездесуде Шымкент және Сиань университеттері арасында тәжірибе алмасу мүмкіндіктері қарастырылып, денсаулық сақтау мамандарының біліктілігін арттыру мәселесі пысықталды. Талқылау барысында осы жылдың күзінде Шымкентте екі қаланың бизнес-қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен ауқымды форум өткізу келісілді. Кездесу соңында мегаполис басшысы сауда қатынастарын орнатуда, Сиань инвесторларының инвестициялық жобаларды табысты іске асыруда барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Айта кетейік, бүгінде қаламызда қытай капиталының қатысуымен мұнай өңдеу, химия және металлургия салаларында жалпы сомасы 1,4 млрд АҚШ долларын құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба табысты іске асырылуда.