КӘСІПКЕРЛЕР АРАСЫНДА B2B ФОРМАТЫНДА КЕЛІССӨЗДЕР ӨТТІ
Бүгінде жаһандық экономикада ауқымды өзгерістер орын алып жатыр. Логистикалық тізбек бұзылып, жаңа жол қатынастары орнауда. Мұның өзі көптеген мемлекеттердің экономикасына ауқымды зардаптарын әкелді. Сондықтан болар, елімізде кәсіпкерлік саланы дамыту мен қаржы тартуға ауқымды түрде басымдық беріліп отыр. Өңір-өңірде инвесторларды тарту бағытында қыруар іс атқарылуда. Сонымен қатар өңдеуші өнеркәсіпті ілгерілету де күн тәртібінде тұр. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкентте жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың қарасы қалың.
Мәселен, жуырда үшінші мегаполистің ресми және іскерлік делегациясының сапары аясында Қытайдың Сиань қаласында Бас консулдықтың қолдауымен бауырлас қалалардың кәсіпкерлерінің қатысуымен сауда-экономикалық форум өтті. Сондай-ақ Шымкенттің 20-ға жуық компаниясы мен Қытайдың 30-дан астам кәсіпорын өкілдері арасында B2B-кездесулер өтті. Шымкент бизнес-делегациясының құрамында денсаулық сақтау, IT, электр жабдықтарын өндіру, құрылыс материалдары, металлургия, тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, білім беру, қоғамдық тамақтану сынды салалардағы бизнес өкілдері барын айта кету керек. Осы орайда, форум барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысушыларды құттықтап, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы мен іскерлік серіктестігінің оң динамикалық өсуін атап өтті. Сондай-ақ өз сөзінде «Бүгінгі кездесулер сындарлы ынтымақтастыққа ықпал етіп, екіжақты жаңа жобаларды іске асыру перспективаларына жол ашатынына сенімдімін. Сиань «Бір белдеу-бір жол» бастамасының Жібек жолы Экономикалық белдеуінің маңызды нүктесі саналады. Өткен жылғы сапар аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Шымкент пен Сиань арасында бауырластық байланыс орнату туралы келісімдер бойынша бірқатар құжаттарға қол қойды. Бұл шаралар екі қала арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды жандандыратыны сөзсіз» деп атап өтті Ғабит Сыздықбеков. Бұдан бөлек, ол Шымкент — халық саны бойынша Қазақстанның үшінші ірі қаласы және алып жатқан ауданы бойынша бірінші қала екенін атап өтті. Қала Орталық Азия және Таяу Шығыс елдерімен белгіленген экономикалық байланыстары бар шекара маңы аймағы мәртебесіне ие және елдің маңызды көлік торабы болып отыр. Мұнда елдің өнеркәсіптік әлеуеті шоғырланған. «Қалада инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған, жалпы ауданы 869 га-ны құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Бұдан басқа, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібін, мұнай химиясын, логистиканы дамыту мақсатында өңдеу өнеркәсібінде 2 098 га аумақта 7 қосымша өндірістік алаң құру бойынша жұмыстар жүргізілуде» деді шаһар басшысы.
Ғабит Сыздықбеков қала әкімдігі Шымкент қаласында сауда қатынастарын орнату және инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін барлық қажетті қолдауды көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар келіссөздер барысында екі елдің кәсіпкерлері өз компанияларын таныстырды. Қытайлық серіктестер азық-түлік өндірісі, логистика, машина жасау, денсаулық сақтау және медицина салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты. Өз кезегінде, шымкенттік кәсіпкерлер металлургия, логистика, целлюлоза — қағаз және тамақ өнеркәсібі, машина жасау салаларында іскерлік әріптестікті арттыру мүмкіндіктерін жеткізді. Форум мен кездесулердің қорытындысы бойынша B2B форматында меморандумдар мен шарттарға қол қойылды. Атап айтқанда, «Invest Shymkent» ЖШС мен «China-Kazakhstan Enterprises Alliance Committee group» арасында, «KazFerroGroup» ЖШС мен «Shanxi Heynan New Metallurgical Equipment Co.» ЖШС арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.