ЗАМАНАУИ СПОРТТЫҚ НЫСАН БОЙ КӨТЕРЕДІ

Шымкент қаласында спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Күні бүгінге дейін қала аумағындағы бірқатар спорттық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде шымкенттік спортшылар түрлі республикалық һәм халықаралық деңгейде өткен байрақты бәсекелерде топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Осы тұста айта кетерлігі, үшінші мегаполисте спорт саласына қолдау әрі қарай да жалғасады. Нақтырақ айтсақ, алдағы уақытта шаһарда үлкен стадион бой көтереді.

Осы орайда, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран-2 шағын ауданында жаңа стадионның құрылыс алаңына капсула салу рәсіміне қатысты. Тарихи оқиғаға футбол ардагерлері мен қоғам белсенділері, «Ордабасы» клубының қызметкерлері, бапкерлері мен ойыншылары, БАҚ өкілдері мен жергілікті футбол жанкүйерлері де куә болды. 35 мың орындық аренаның аумағы 21 гектарды алып жатыр. Стадион құрылысын 2026 жылы аяқтау жоспарлануда. Жаңа спорт нысаны халықаралық матчтарды өткізуге арналған УЕФА талаптарына сәйкес бой көтереді. Архитектуралық дизайнмен салынатын сәулетті стадион мегаполистің көркін арттырады.
Айта кету керек, Шымкентте 1969 жылы салынған бір ғана стадион 18 мың адамға лайықталған. Заманауи арена халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге, қаланың спорттық имиджін жақсартуға, жергілікті халықтың спортқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар туризмді дамытуға да ерекше серпін береді деп күтілуде.