ЕЛІМІЗДЕ СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗ БАҒАСЫ ӨСТІ

Елімізде 1 шілдеден бастап сұйытылған газ бағасы өсті. Нақтырағы, 1 тонна сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасы 45 158 теңгені құрады. Бұрынғы баға 40 320 теңге шамасында еді. Бұл ретте шекті бөлшек сауда бағасы өңірге қарай литріне 5-8 теңгеге дейін шамалы өсті. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Астанада және Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында – сұйытылған газ литрі 76 теңгеден 84 теңгеге өсті. Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облысы және Шымкентте 64 теңгеден 79 теңгеге, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында 54 теңгеден 59 теңгеге қымбаттады. Алматы қаласында, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 81 теңгеден 89 теңгеге өзгерген. Жамбыл облысында литріне 78 теңге, Павлодар облысында – 81 теңге болып өзгерген.
Министрлік бұл шараны қабылдауға бірнеше себеп бар екенін түсіндірді. Олар — сұйытылған мұнай газының бағасы оны өндіру құнынан әлдеқайда төмен, ТМД-да тұтыну күрт өскен, ТМД-да зауыттар өндіріске деген қызығушылығын жоғалтуда, сонымен қатар Қазақстанда 54-86 теңгеге дейін ТМД-дағы ең төмен бағалардың бірі байқалған. «Салыстырмалы түрде Ресейде бір литр газдың бағасы 132 теңге болса, Әзербайжанда – 171 теңге, Тәжікстанда – 273 теңге. Сарапшылардың болжамынша, 2024 жылы ішкі нарықта тұтыну көлемі тағы 200 мың тоннаға артып, 2,4 млн тоннаға жетеді. Бұл ретте газ тапшылығы 30-40%-ды құрауы мүмкін» дейді министрлік.

«Уақыт».