«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ФЕСТИВАЛІ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өтіп жатыр. Аталған фестиваль аясында тарихи қалада облысқа қарасты аудандардың мәдени күндері өтеді. Бұл туралы газетіміздің бұған дейінгі сандарында тарқата жазған едік. Осы орайда, жуырда облыс орталығында Мақтаарал ауданының мәдени күндері қорытындыланды. Екі күн бойы өткен мәдени шара түркістандықтарға тамаша көңіл күй сыйлады. Аудан өнерпаздары қатысқан гала-концертте белгілі өнер жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы ән айтып, келген қонақтарды тәнті етті.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова арнайы қатысып, келген көрерменге алғысын білдірді. Бұдан бөлек, «Дариға» би ансамблі, «Мерей» вокалды-аспапты ансамблі, «Тұмар» би ансамблі, Бекбосын Мықтыбек, Айна Мейірбекова, Лобархон Захидова, Макхамбай Құрбанов, Жаңабай Сайфуддинов, Жәнібек Тағаеев, Абдували және Саидвали Каландаровтар, Біржан Жанту, Нұрдәулет Жалалов, Мадина Әуезова, Олег Бахараев, Ақерке Зұлпыхаровалар өнер көрсетті. Ұйымдастырылған шараның алғашқы күні ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналды. Бұл күні этноауылда салт-дәстүр мен әдет-ғұрып дәріптелді. Ұлттық тағам түрлері де таныстырылды. Дәстүрлі әнші, жыршы-термеші, айтыс және «Ақ алтын» халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің концерті өткізілді. Ал дар ойыны көптің қызығушылығын тудырды.
Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданының жетістіктері туралы кітап және фото көрмелері, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі, Мақта шаруашылық тарихи музей көрмесі жасақталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, қала тұрғындарына таратылды. Келесі күні күндіз Этноауылда асық ойнау, гір тасын көтеру, арқан тарту секілді ұлттық спорттық ойындарынан сайыс өткзіліп, жеңімпаздар марапатталды. Содан соң театралды қойылымдар көрсетілді. Мәдениет пен өнерімізді дәріптеу, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту мақсатын көздейтін тың бастама алдағы уақытта да жалғасын табады. Алдағы уақытта мәдени көшті сарыағаштық өнерпаздар жалғастыратынын айта кетейік.