ҮЛКЕНДЕР ЖОЛЫ ҰЛЫЛЫҚ, ҰРПАҒЫ ЖҮРЕР ҰҒЫНЫП!
Ордабасы ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай, аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен 2024 жылға үкіметтік емес ұйымдардың үздік әлеуметтік жобаларын мемлекеттік қолдау аясында ауданның қалыптасу кезеңінде жергілікті жерлерде түрлі салада еңбек еткен ардагерлері, зиялы қауым өкілдерімен «ҮЛКЕНДЕР ЖОЛЫ ҰЛЫЛЫҚ, ҰРПАҒЫ ЖҮРЕР ҰҒЫНЫП» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.
Адам-өз өмірінің сәулетшісі. Даралар да, қаралар да, даналар да қонақ болып өтетін мына дүниеде әркім өз өмір соқпағын өзі сомдайды. Оның мәнді де сәнді, мағыналы да мазмұнды болуы сол өмір иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты. Еткен еңбектің еленгені кімге де болса қуаныш, көңілге үлкен медет!
Кенжеқұл Қатира Алпысқызы:
«40 жыл мектепте мұғалім болып қызмет жасап, жастарды тәрбиелеуде аянбай еңбек еттім. Бүгінде бейнеттің зейнетін көріп жүрмін. Ордабасы ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған осынау іс-шараға қуанып отырмын. Бізді елеп, жасаған қызметімізді ұмытпай алғыс жолдаған аудан әкіміне мың алғыс. Ел аман, жұрт тыныш болсын!»- деп ізгі тілегін жеткізді.
Жастарды ата-бабаларымыздың үздік халықтық дәстүрінде тәрбиелеу ісін ілгерілету мақсатында өткізілген рухани кездесудің маңыздылығы ерекше. Сырлы сұхбат, әдемі әңгіме, ыстық естеліктер айтылды. Ауыл ардагерлері аудан әкімінің алғыс хаты және сый құрметіне ие болды!