БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН-АЛУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ШАРАЛАРДЫҢ НӘТИЖЕСІМЕН ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚОРҒАЛУДА

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер және сыйлықақы мен бонустар төлеу, материалдық көмек көрсету кезінде құқықтардың сақталуы туралы өзекті мәселелерге қатысты диалогтық алаң және семинар тренингтер өткізілді.

Бұзушылықтарды алдын-алуға бағытталған іс-шараларға қала аумағындағы мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметтері мен Әдеп жөніндегі уәкілдері қатысты.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 13-бабында мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер белгіленген. Осы ретте, мемлекеттік қызметшілер өкiлдi органның депутаты болуға, педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақы төленетін қызметпен айналысуға, кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның iшiнде коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық өкілеттіктеріне кiрмейтiн болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға құқылы емес.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу туралы қағидасының 4-тармағына сәйкес, қызметкерге оның алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде, тиісті органда бір айдан кем жұмыс істеген болса, сондай-ақ сынақ мерзімінен өту кезеңінде сыйлық берілмейді.
Осы орайда, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілеріне сыйлықақы беру практикасына жүргізілген талдау нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерге жалпы шолу жасалып, қызметшілердің құқықтарын қорғау бойынша нақты кейстарды шешу ақылы қатысушыларды бұзушылықтарды болдырмау бойынша жұмысқа бағдарлау жүзеге асырылды.
Айта кету қажет, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бүгінде бұзушылықтарды алдын-алу шараларын атқаруға, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтар мен мүдделерін қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыстарды атқаруға басымдық беріп келеді.
Бұл ретте, мағыналас профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың 1-тоқсанының өзінде 80 қызметшінің құқығы қорғалғанын ерекше атап өту қажет.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан осындай бұзушылықтарды болдырмауға, олардың алдын алуға, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтар мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да кеңінен жүргізілетін болады.

А.Марасулов,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы