ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ҚОНАҚ ҮЙ БОЙ КӨТЕРЕДІ

Шымкент қаласы еліміздегі туристер жиі келетін қалалардың қатарына кіреді. Сәйкесінше, қалада саяхатшыларға барынша жағдайлар жасалып келеді. Туристік нысандардың жұмысы жетілдіруде. Бұл ғана емес, қалаға келетін қонақтарға арналған қонақүйлердің де саны артып келеді. Жалпы жаңа заманауи қонақ үйлердің пайда болуы қалаларды тартымды етіп, туризмнің дамуына айрықша серпін береді.

Осы орайда, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әйгілі «Hilton» халықаралық желісі қонақ үйінің құрылысы аумағында капсула салу рәсіміне қатысты. Шымкен сити шағынауданында бой көтерген бес жұлдызды қонақ үйді 2026 жылы ашу жоспарланып отыр. Мегаполис басшысы қонақ үй кешенінің жобасымен танысып, оның құрылысын бастауды тапсырды. Сонымен қатар өз сөзінде «Мұндай нысандар туристік әлеуетті дамытуда ғана емес, қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруда да маңызды. «Hilton» — әлемге әйгілі бренд. Болашақта қонақ үй қаламызды толықтырып, туристер мен барлық қонақтар үшін тартымды етеді» деді Ғабит Сыздықбеков.
Қонақ үйде 167 бөлме, ballroom, мейрамханалар, фитнес-орталық және бірнеше конференц-зал бар. Құрылыстың арқасында 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, қала әкімі ұлттық стильде салынған «Qazaq Hotel» қонақ үйіне барды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 30 жұмыс орны құрылды. Жаңа қонақ үйде 64 заманауи және жайлы бөлме бар. Қонақтардың жайлылығы үшін қосымша қызметтер – мейрамхана, SPA-салон, конференц-зал және автотұрақ қарастырылған.