ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ КЕСЕЛДІ ӘРЕКЕТТЕРДІҢ ЖОЛЫН КЕСЕДІ

Қазіргі уақытта қоғам арасында тараған сан түрлі мәселе бар. Әсіресе, интернеттің кең қолданысқа енуімен олардың қатары артты. Оның ішінде адамды тәуелді етіп, шыңырауға тартатын құмар ойындардың қаупі орасан. Бүгінде лудоманияға ілігіп, бәрінен, барынан айырылып жатқандардың қатары қалың. Оңай олжа тапқысы келіп, ойын аппараттарына жүгінгендердің дені отбасынан айырылып, туған-туыстарынан безіп кетуде.

Мұндай түйткілді түйіннің себебі ретінде қаржылық сауаттың болмауын атап айтуға болады. Яғни қаржылық тұрғыда білімі мен түсінігі болмағандар оңай олжамен тез байығысы келеді. Нәтижесінде жарнамасы жер жарған құмар ойындарының құрығына қалай түсіп қалғанын да аңғармайды. Сондықтан да елімізде мұның себебімен күрес бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Тіпті, мемлекет басшысының өзі арнайы тапсырма берген болатын. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өткені белгілі. Нақтырағы, ел Президенті «Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет» деген болатын. Осы орайда, жобаның тиімділігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айрықша атап көрсетіліп, оның ауқымын кеңейтіп, жалпыхалықтық деңгейге шығару тапсырылды. Сондықтан да Түркістан облысы аймақтарындағы барлық ауылдық округ әкімдерін «Қарызсыз қоғам» жобасы асясында оқыту курсы біршама уақыт бұрын басталған еді. Алдымен облыс орталығы Түркістан қаласына жақын маңдағы 6 аудан мен қаланың, одан кейінгі аптада Шымкент қаласына жақын орналасқан 5 ауданның ауылдық округ әкімдері қаржылық сауаттылық төңірегіндегі білімдерін жетілдіретін семинарға қатысты. Кезекті үш күндік семинар апта басында Сарыағаш ауданында жалғасып, оған Шардара, Келес, Сарыағаш, Мақтаарал және Жетісай ауданындағы 56 ауыл округінің әкімдері жиналды.
«Сарыағаш» шипажайы базасында Түркістан облыстық қаржы басқармасының қолдауымен өткен үш күндік оқу жиынында ауыл әкімдері азаматтардың жеке және отбасылық бюджетті құрастыра білуінің артықшылықтарын меңгеріп шықты. Облыстағы «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Жандос Әзімбаев азаматтардың тауарлық несиеге, сонымен қатар оңай олжаға үміт артпай қажетті тауарлар мен қызметтерді алуда мүмкіндікті саралау жолын үйретіп, тұрғындарды несие мен қарыздың тұзағына түсірмеу жолдарын талдауға бағыт берді. Сарыағаштағы 3 күндік семинарда білім-біліктілігін арттырған ауыл округы әкімдеріне сертификат тапсыру рәсіміне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев, Сарыағаш ауданының әкімі Абдуллаев Арман Айдарұлы, партияның Сарыағаш аудандық филиланың төрағасы Қыстаубаев Құдірет Ибадуллаұлы қатысты. Алтынсары Дүйсенбекұлы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында өңірімізде 2023 жылы 14600-ден астам азамат қаржылық сауаттылықты көтеру курстарынан өткенін хабарлап, өңіріміз республикада алдыңғы қатардан көрінгенін мәлімдеді. Биылғы жылдың 4 айында осы курстарда төрт мыңнан астам азамат білім алғанын жеткізді. Биыл еліміздің барлық өңірінде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 200 мың адам оқу курстарынан өтпек. Сонымен қатар мектеп, колледж және жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары әзірленбек. Жетекші партия бастамашыл болған жоба аясында оқу курстарынан өткен ауылдық округ әкімдері алдағы уақытта «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқу курстарынан өтетін ауыл тұрғындарын кеңінен тартуға жәрдем көрсететін болады.
Еліміздің әлеуметтік саясатымен үндесіп, қарапайым азаматтардың тұрмыстық ахуалын жақсартуға, отбасының берекесін арттыруға қызмет ететін «Қарызсыз қоғам» жобасы қоғамды шын мәніндегі ысырапшылдықтан арылтуға тәрбиелейді, ырыстың бастауы – үнемшілдік екенін ұқтырады. Мемлекет басшысы басымдық етіп белгілеп отырған «Адал азамат» ұғымын орнықтыруға қызмет етеді. Әрбір отбасыны үнемшіл болуға баулып, қажетсіз шығынға ұрынбай берекелі күн кешуге жетелейді. Жалпы «Қарызсыз қоғам» жобасында өткен жылы 65 мың адам, биыл – 49 мың адам білім алған. Қатысушылардың жартысына жуығы білікті қаржы және заң мамандарының көмек беріп, шоттың бұғатталуынан бастап, қарызды қайта құрылымдау, соттан тыс банкроттық рәсімдеу, коллекторлармен жұмыс секілді 20 бағытта көмек жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, аталған бастаманың қоғам үшін маңызы айрықша. Өйткені қазіргі уақытта қаржылық сауаттың болмауынан азаматтар көптеген кеселді дүниелерге әуес болып келе жатыр. Әсіресе, жастар жағы құмар ойындарға үйір болып, қарызға батып, оны жабу үшін түрлі бұзақылықтарға барып жатыр. Сондықтан да соңғы кездері аталған түйткілдің түйінін ағыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Мәселен, Туризм және спорт министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, ел азаматтары мен резиденттерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өз бетінше шектеу жөніндегі қызметті автоматтандыру бойынша жұмысты аяқтады. Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Бұл рәсім «Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңының 15-1 бабында көзделген және автоматтандыруға дейін тиісті тұлғаларды өзін-өзі шектегендер тізіміне қосу 8 жұмыс күні ішінде қағаз форматта жүзеге асырылды. Жаңа қызмет өтініштерді өңдеу мерзімін едәуір қысқартады және құмар ойындарға қатысудан өзін-өзі шектеу рәсімін жеңілдетеді. Бұл барлық азаматтарға, ең алдымен құмар ойындармен шектен тыс әуестенетін тұлғаларға барлық лицензияланған ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің заңды сайттарына кіруге лезде тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.