ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНА ТУ ТАРАТЫЛДЫ
4 маусым күні Қазақстанда мемлекеттік рәміздер күні аталып өтеді. 1992 жылы ең алғаш рет тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері тағайындалды. Бұл күн еліміздің тарихында мемлекеттік нышандар — Елтаңба, Ту мен Әнұранымыздың туған күні. Сондықтан атаулы датада еліміздің барлық өңірінде бірқатар тың бастамалар көтеріліп, мемлекеттік рәміздердің кеңінен насихаттау жұмыстары қарқын алады.
Осы орайда, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 4 маусым – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні» мерекесіне орай ту таратылды. Сонымен қатар қала тұрғындарына мемлекеттік рәміздеріміздің маңыздылығын, Отанға деген сүйіспеншілікті насихаттау мақсатында мерекелік ту шеруі өтті. Қоғамдық көліктерде, саябақтарда, гүлзарларда ту таратылып, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шараға Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен белсенді студенттері, қаланың ерікті жастары қатысты. Іс-шара «Спутник» гүлзарынан бастап А.Асқаров атындағы «Дендросаябағы», «Гүлжан» аялдамасы мен А.Байтұрсынов көшесіне дейін жалғасты.
Айта кетейік, елімізде мемлекеттік рәміздерді насихаттау шарасы ауқымды деңгейде өтіп жатыр. Мемлекеттік рәміздер — мемлекет негізінің мызғымас бір бөлігі. «ҚР Президентінің жарлығына толықтырулар енгізу туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы ҚР Президентінің жарлығына және «ҚР кәсіби және басқа да мейрамдары туралы» 1998 жылғы 20 қаңтардағы жарлықтарына сәйкес, 4 маусымда республикада мемлекеттік рәміздер күні тойланады.