АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ АУҚЫМДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласында маңызды мәселелер жетерлік. Көптеген түйткіл шешімін тауып келе жатқанымен, миллионнан аса халқы бар мегаполисте түйіні тарқамаған жайттар баршылық. Осы орайда, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару, кәмелетке толмағандар арасында суицидті алдын алу шаралары мен өзге де мәселелер қаралды.

Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Мұхаддас Ақылбектің айтуынша, жер учаскелерін заңсыз иеленген, мақсатсыз пайдаланған 112 жеке және заңды тұлғадан 27 млн теңгенің айыппұлы өндірілген. Кала басшысының бастамасымен саябақтар мен аллеяларға, заңсыз жер телімдеріне қатысты тексеру жұмыстары жүргізілген. Мәжіліс барысында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу шараларын баяндады. Ата-ана, оқушы-мектеп байланысын қалыптастыру мақсатында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» мен «Даналық мектебі» құрылды. Білім беру ұйымдарында «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі», «Жеңгелер мектебі», «Ағалар мектебі», «Ұлдар клубы», «Қыздар клубы» жобалары іске асырылуда.
Балалар өмірі мен денсаулығының аса маңызды екеніне тоқталған қала әкімі жауаптыларға жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар олардың қауіпсіздігін қамтасыз етуде профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.