«SHYMKENT INVEST» ФРОНТ-ОФИСІ АШЫЛДЫ

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шымкент қаласы кәсіпкерлік саланы дамытуға айрықша қолайлы өңірлердің қатарына кіреді. Сондықтан да бүгінде шаһарда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында қыруар іс атқарылып келеді. Оның ішінде шетелдік инвесторларды тарту мақсатында жүзеге асқан жұмыстардың қатары қалың. Қазіргі таңда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков көптеген шетелдік алпауыт компаниялармен келіссөздер жүргізіп, Шымкентке қыруар қаржының құйылуына ықпал етіп отыр. Кәсіпкерлерді қолдау жұмыстары мұнымен шектеліп қалмақ емес.

Мәселен, жуырда үшінші мегаполисте «Shymkent Invest» фронт-офисінің ашылуы өтті. Ұйым инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын жергілікті және шетелдік инвесторларға жоба идеясы басталғаннан пайдалануға берілгенге дейін қолдау шараларымен қатар экспорттау, дамуды қаржыландыру бойынша қызметтер көрсетеді. Ашылу салтанатына мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбеков пен қала прокуроры Ғабит Мұқанов қатысты. Инвесторлар тарту және оларды қолдауға қатысты мемлекеттік қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылатын болады. Фронт-офиспен танысқан қала әкімі бүгінде елімізде инвесторлар үшін барлық жағдай жасалғанын, Мемлекет басшысының жарлығымен инвестициялық штаб құрылғанын атап өтті. Өз сөзінде «Инвесторлармен тиімді жұмыс жүргізу, сондай-ақ сала бойынша нақты бағдарлама әзірлеу қажет, ең бастысы енгізіліп жатқан жобалардың саны емес, сапасы маңызды» деді Ғабит Әбдімәжитұлы.
Айта кетейік, «Shymkent Invest» ЖШС қала әкімінің бастамасымен құрылған. Мұнда ұйым қызметкерлері инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетумен қатар құжаттарды дайындауға, жиналыстарды ұйымдастыруға және өткізуге, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес беруге көмектеседі. Сонымен бірге, «Shymkent Invest» ЖШС мен Шымкент қаласының прокуратурасы арасындағы ынтымақтастық аясында инвесторлардың проблемалық мәселелерін шешу мақсатында кеңсеге тұрақты түрде инвесторларға тікелей қолдау көрсететін прокуратура қызметкері бекітілді.